Таза ауа, таза су, таза сана: Экологиялық мәдениет қалай қалыптасады?

Жыл сайын 5 маусымда елімізде қоршаған ортаны қорғаушылардың кәсіби мерекесі – Эколог күні атап өтіледі. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Тауырбеков өңірдегі экологиялық қызметтің жұмысы және бұл іске халықтың қатысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Азамат Тауырбековтің айтуынша, экология департаменті – тек кеңседе отыратын мамандар емес, қоршаған ортаны үш бағытта қорғауға жұмыла кіріскен команда. Құрамында экологиялық реттеу және бақылау бөлімі, мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі және зертханалық-талдамалық бөлім бар.
Экологиялық рұқсат алу үш кезеңнен тұрады. Алдымен кәсіпорын өзінің қызметі туралы өтініш береді. Кейін бұл кәсіпорын жеңілдетілген тәртіппен рұқсат ала ма, әлде қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) жүргізуі қажет пе – осы анықталады. ҚОӘБ рәсімін сәтті аяқтаған соң ғана рұқсат беріледі.
Экологиялық заң нормаларының орындалуын мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі қадағалайды. Ал зертханалық-талдамалық бөлім дабыл түскен жағдайда жер, су мен ауа құрамына аспаптық өлшеу жүргізіп, кәсіпорын қызметінің нормативтерге сәйкестігін анықтайды.
2021 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекс күшіне енді. Соның аясында автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілді. Енді бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар шығарындылар көздеріне арнайы датчиктер орнатып, деректерді ҚР Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың ұлттық деректер базасына онлайн режимде жіберіп отырады. Бұл – деректерді бұрмалау немесе заң бұзушылықты жасыру мүмкіндігін жоққа шығарады.
Экология департаменті экологиялық мәдениетті көтеруге, тұрғындармен тығыз байланыс орнатуға ерекше мән береді. Осы бағытта «Таза Қазақстан» 2024–2029 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы әзірленген.
Мемлекет басшысы белгілеген бағытты басшылыққа ала отырып, экологиялық қызмет пен халық арасында тиімді байланыс орнатылған. Азаматтар «eGov Mobile» қосымшасы, «e-Otinish» платформасы, @TazaQazBot Telegram-боты, vko-ecodep@ecogeo.gov.kz электронды поштасы мен әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы өтініш жолдай алады.
Экологтар күні – қоршаған ортаны қорғау жолында еңбек етіп жүрген жандарға алғыс айту күні. Табиғатты қорғау – тек экологтардың ғана емес, әрбіріміздің жауапкершілігіміз. Себебі таза қала – дүйім жұрттың ортақ еңбегінің жемісі.
Ксения Бондаренко,
Фото: Ксения Бондаренко