«Таза Қазақстан»: жыл басынан бері ШҚО-да 55 мыңнан астам көшет егілді
Фото: pexels.com
Қазақстанның экологиялық ахуалы қазіргі таңда маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында экология мен тазалық мәселесіне ерекше назар аударып, қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеу қажеттігін атап өткен болатын.
Осыған орай, Шығыс Қазақстанда экологиялық жағдайды жақсарту үшін көптеген бастамалар қолға алынып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Президенттің бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы тек аумақты тазарту немесе ағаш отырғызу сияқты қарапайым іс-шаралармен ғана шектелмейді. Бұл акцияның басты мақсаты – қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндіру, әрбір азаматты экологиялық тұрғыдан жауапкершілікпен қарауға үйрету. Әрбір адамның өз үйін, көшесін, ауласын құрметтеп, қоршаған ортаны таза ұстауы қажет. Әсіресе, балаларға табиғатқа ұқыпты қарауды және әдептілік нормаларын үйрету керек. Бұл мақсатта педагогтар, ата-аналар және бүкіл қоғам бірігіп жұмыс істеуі тиіс.
Президент осы бағытта өңір әкімдеріне «сынған терезелер теориясы» бойынша ластанған және бей-берекет қоқыс тасталатын орындарды анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Бұл теория бойынша, егер шағын ережелерді бұзу бақылаусыз қалса, қоғамда үлкен бұзушылықтар орын алады. Сондықтан, қоқыс тастайтын жерлерге қарсы күрес және тазалық жұмыстарын үнемі бақылау маңызды.
Полиция департаменті «Таза Қазақстан» акциясы аясында бей-берекет қоқыс тастайтын орындармен күрес жүргізу үшін 24 мобильді топ құрды. Бұл топтар елді мекендер мен қоғамдық орындарда рейдтік іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде Абаттандыру ережелерін бұзған 5 967 жағдай анықталып, 25,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл әрекеттердің бәрі қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тазалыққа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Тазалық мәселесі тек қоқыс жинаумен ғана шектелмейді. Бұл мәдени-рухани өмірдің бір бөлігі ретінде қарастырылады. Жыл басынан бері облыс көлемінде 538 мың адам сенбілікке қатысып, 204 саябақ, гүлбақ, 323 тарихи-мәдени ескерткіш және 859 әлеуметтік нысан тазартылды. Мұндай іс-шаралар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, халықтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға зор ықпал етеді.
Сонымен қатар, облыс аумағында 55 мыңнан астам көшет отырғызылды. Бұл әрекеттер табиғатқа қамқорлық таныту ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа таза әрі жасыл орта қалдырудың маңызды қадамы болып табылады.
Қоршаған ортаны қорғау мәселесі тек заңнамалық деңгейде ғана емес, сонымен қатар қоғамның әрбір мүшесінің санасында қалыптасуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы – бұл экологиялық сана-сезімді арттырып, қоғамды тазалыққа, табиғатқа деген құрметке тәрбиелеуге бағытталған ауқымды бастама. Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан бұл шаралар елімізде экологиялық ахуалды жақсартуға және қоғамды экологиялық мәдениетке тәрбиелеуге септігін тигізеді. Тазалық пен экология мәселелеріне қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Қазақстандағы экологиялық жағдай жақсарып, болашақ ұрпақ үшін таза әрі жасыл орта қалыптасады деген сенім бар.
Ержан Әбіш