Қазақстанда бүгін Қарттар күні атап өтіледі
Фото: pexels.com
Төрткүл тарап тойлайтын Халықаралық қарттар күні егемендік алған кезден бері Қазақстанның маңызды мерекелерінің бірі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл мейрамның төрінде елінің берекесі, шаңырағының шырағы, ұрпағының темірқазығы бола білген ақсақалдар мен ақжаулықты әжелер тұр. Қазыналы қарттар қашанда таудай төзімнің, даладай дархан мейірімнің, тарихтың өшпес ізі болған даналықтың дариясы. Ерең еңбегімен ел іргесін нықтап, ақ батасымен халқының игілігін арттырып, ырысын еселеген асыл жандарды шын жүректен мерекемен құттықтаймыз!
Бүгінде Қазақстан бойынша 2,4 миллионнан астам зейнеткер бар. Ал Шығыс Қазақстанда олардың саны 140 мыңнан асады. Оның ішінде 68 мыңы Өскеменде, 72 мыңға жуық ақсақалдар мен әжелер аудан-ауылда тұрады. Қариясы ең көп аудандар қатарында Алтай мен Глубокое және Риддер қаласы тұр.
Мемлекет азаматтардың қарттық шағын лайықты деңгейде өткізуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасауда. Зейнетақы жүйесі жетілдіріліп, әлеуметтік кепілдіктер артуда. Бүгінде қала-ауылдарда ашылып, жұмыс істеп тұрған Белсенді ұзақ өмір орталықтары оларға демеу болып, зейнеткерлік кезеңде де спортпен, шығармашылықпен айналысуларына, достық пен мейірімге толы ортада дамуларына мүмкіндік беруде.