KZ
Өскемен
-14°
пасмурно Штиль
498.34 519.72 4.85

Бүгін – халықаралық қарттар күні

Фото: azattyq-ruhy.kz

1.10.2023, 10:00 251 Ләззат Қанатқызы

Бүгін әлем Қарттар күні мерекесін атап өтіп жатыр. 

Қарттар күні – халықаралық мереке. Ол 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында ресми бекітілген, деп хабарлайды Altaynews тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бүгінде елімізде зейнет жасындағы 2,3 миллионнан астам қарт бар. Аталған мейрамның мақсаты – қарттардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, тану, олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сапасын арттыруға назар аудару және қамқор болу.

Қазақта қарттарға қатысты көптеген игі сөздер бар, солардың бірері: Қарты бар елдің қазынасы бар, Көп жасаған қария, ақылы – теңіз-дария, Ата – ардақты тұлға, Қариясын сыйлаған елде қасиет бар.

Қазақстанда қарт жандарға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл Қарттар күніне орай Астана қаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы қарт жандарға 2-ден 10 АЕК мөлшерде, (шамамен 1,9 млрд теңге 234 мың адам) біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Одан бөлек, Қарттар күніне орай Алматы, ШҚО, Жамбыл, Түркістан, Абай және Ұлытау облыстарында мерекелік азық-түлік себеттері табысталды. Жалпы, биыл қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге бағытталды.

Одан бөлек, мереке күні құзырлы органдар және облыс, аудан әкімдері өңірдегі қарт жандарды құттықтап жатады. Сонымен қатар түрлі форматта мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Айта кетсек, елімізде белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс бағыттары бойынша «бір терезе» қағидаты негізінде жұмыс істейтін 79 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істеп тұр. Ол жерде қариялар бос уақытын өткізіп, сүйікті істерімен айналысады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу