Нарықтан төмен бағадағы әлеуметтік маңызды көкөністер сатылымы 1-қарашадан басталмақ – ШҚО
depositphotos
Шығыс Қазақстан облысында 1 қарашадан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағдарламасы аясында көкөністер сатылымға шығады. Бағдарлама 2026 жылдың 1 мамырына дейін жалғасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі «Ертіс» ӘКК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шешім ШҚО әкімдігі жанындағы Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның отырысында қабылданған. Комиссия шешіміне сәйкес, келісімшарт жасалған өнім көлемі халықтың үш айлық қажеттілігінің 50 пайызынан аспайтын мөлшерде болуға тиіс. Күзгі-қысқы кезеңде сатылымға шығарылатын көкөністер көлемі – 6 080 тонна картоп, 1 398 тонна сәбіз, 1 459 тонна қырыққабат және 973 тонна пияз.
Айта кету керек, баға деңгейі «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін іске асыру ережелеріне» сәйкес реттеледі. Аталған қағидаларға сай, әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылатын шекті сауда үстемесі өнімнің құнын облыстық статистика органдары тіркеген орташа нарықтық бағадан кемінде 10 пайыз төмен деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз етуі тиіс.
Тұрақтандырылған бағадағы көкөністерді «Ертіс» корпораациясының сауда павильондарынан, сондай-ақ қалалық Кәсіпкерлік бөлімімен меморандум жасасқан дүкендерден сатып алуға болады. Жұмыс істеп тұрған павильондардың мекенжайлары spkertis.kz ресми сайтындағы «Бағаны тұрақтандыру» бөлімінде жарияланған. Айта кетейік, павильондардың саны өзгеріп отырады. Бұл конкурс рәсімдерінің аяқталуына (павильондар мемлекеттік реестр арқылы аукцион негізінде кәсіпкерлерге беріледі) және кәсіпкерлермен сенімгерлік басқару жөніндегі жаңа келісімшарттардың жасалуына байланысты.
Аталмыш қадамдар тұрғындарды маусымдық сұраныс кезеңінде қолдап, негізгі азық-түлік тауарлары бағасының шектен тыс өсуін тежеу үшін жасалуда.