ШҚО-да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сататын 65 сауда нүктесі бар
Маусымаралық кезеңде тұрақты бағаны қамтамасыз ету үшін «Ертіс» ӘКК» АҚ 9 850 тонна өнімге келісімшарт жасады.
ШҚО бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағдарламасының операторы «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның ақпараты бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 тізбесіне картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат сияқты көкөністер де кіреді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасына тоқталсақ, картоп пен сәбіздің бір келісі - 120 теңге, пияз - 110 теңге, қырыққабат - 100 теңге.
Өнімді сату сауда нүктелерінің өтінімдері бойынша қарашадан мамырға дейін жүзеге асырылады.
Сұраныстың артуы кезеңінде сауда нүктелері халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін көбірек тапсырыс береді. Өнім 65 сауда нүктесі арқылы сатылады.
Аталған шараларды іске асыру жеміс-көкөніс өнімдері бағасының айтарлықтай қымбаттауына жол бермеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, картоптың орташа бағасы былтырғы ақпанда 148 теңге болса, биыл - 141 теңге.
Пияздың орташа құны 2023 жылғы ақпанда 171 теңге, 2024 жылғы ақпанда 121 теңге болды.
Айжанат Бақытқызы