1 қарашадан бастап көкөністер бағасын тұрақтандыру басталады
Жылдағы дәстүр бойынша, биыл да 1 қарашадан бастап "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ баға тұрақтандыру бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарындағы төрт түрлі көкөніс бағасын тұрақтандыруды бастайды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның баға тұрақтандыру бағдарламасы шеңберінде 24 сауда павильоны жұмыс істеп тұр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үстеме бағасыз сатуға меморандумға қол қойған кәсіпкерлер саны 26-ға жетіп, олардың санын көбейту бағытында жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Аталған 24 павильонның 8-і бойынша мемлекеттік тізілім арқылы ашық конкурс өткізіліп жатыр. Павильондарды жалға алғысы келетін кәсіпкерлердің барлығына конкурсқа қатысуға тең мүмкіндік қарастырылған. Конкурс туралы хабарландырулар «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның ресми аккаунттарында жарияланған.
1 қарашадан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарындағы көкөністердің бағасын тұрақтандыру аясында картоп – 115 тг/кг, сәбіз – 115 тг/кг, қырыққабат – 115 тг/кг, пияз – 120 тг/кг бағамен сатылатын болады. Мамандардың айтуынша, бұл – аталмыш өнімдерге қала бойынша ең төменгі баға.