KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 4 м/с, В
494.63 583.22 6.42

Өскемендегі №2 қазандық жөндеуден кейін өз жұмысын қайта бастады

3.10.2025, 14:30 250 Ержан Әбіш

Жылыту маусымы қарсаңында нысанда жабдықтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары, сондай-ақ №5 қазан агрегатына күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Шығыс Жылу» АҚ-на қарасты №2 қазандық Өскемен қаласының Сол жағалау бөлігін жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Абоненттер қатарында Күленов кенті, ЖМК, 19-шы, 16-шы ықшам аудандар және өзге де аумақтар бар.

Жылыту маусымында қазандық жылу тасымалдағышты, яғни, суды өзі дайындап, қыздырады. Жаз айларында жылу тасымалдағыш «Өскемен ЖЭО» ЖШС-нен келеді, ал қазандық сорғы станциясының рөлін атқарып, ыстық суды қабылдап әрі қарай жеткізеді.

– 1 қазаннан бастап қалада жылыту маусымы басталды. Барлық жылу көздері іске қосылды және дайындықтарына қарай тұтынушыларды қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл маусымға дайындық аясында бірқатар жөндеу жұмыстары атқарылды, – деді «Шығыс Жылу» АҚ жылу энергиясын өндіру департаментінің директоры Игорь Заруднев.

Жөндеу жұмыстары нысанда өз күштерімен және мердігер ұйымдарды тарта отырып жүргізілген.

Стансада жүргізілген ең ауқымды жөндеу – №5 қазан агрегатын қалпына келтіру. Оның жалпы құны – шамамен 68 млн теңге. Қазіргі уақытта агрегат толық дайын, күз-қыс мезгіліндегі күтілетін жүктемелерге төтеп бере алады.

Игорь Зарудневтің айтуынша, қазандықтың техникалық жағдайы қанағаттанарлық, барлық жабдық жұмысқа жарамды. Бұл өз кезегінде жылыту маусымының тұрғындар үшін тұрақты әрі қолайлы өтуін қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, қазандықтың қазіргі қуаты – шамамен 130 Гкал/сағат. Бұл тұтынушылардың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Алайда жылу тапшылығы қаланың сол жағалау бөлігін әрі қарай кеңейтуге кедергі болып отыр. Сондықтан алдағы уақытта қазандыққа қосымша 100 Гкал/сағат қуаттылықтағы екі агрегат орнату жоспарланған.

– Бұл белгілі бір кезеңде ғана қолдау көрсетеді. Алдағы уақытта біз жаңа ЖЭО-ның салынуына үміт артамыз, – деді «Шығыс Жылу» АҚ жылу энергиясын өндіру департаментінің директоры.

Елизавета Седых

Фото: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу