Риддердің үйлеріне жылу беріле бастады
Бүгін кешке Риддер қаласының үйлеріне кезекпен жылу беріле бастады. Өткен қыс бойы тоңып, ыстық суға зар болып шыққан риддерліктер үшін бұл – үлкен қуаныш.
7 қазан күні қаланың тұрғын үйлері мен мекемелеріне, өндіріс орындарына жылу беріле бастады. Қалаға беріліп жатқан жылудың қазіргі температурасы – 50 градус. Қазандықтардың іске қосылуына қарай оның шамасы арта түседі, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
№3 қазандық 26 қыркүйекте іске қосылып, қалаға ыстық су, ал әлеуметтік мекемелерге – балабақшаларға, мектептерге, ауруханаларға жылу жөнелтуді бастап кеткен болатын. Енді №1 қазандықтың қуаты да номиналды көрсеткіштерге жетіп отыр. Осылайша, бүгінгі таңда Риддер жылу-электр орталығында күрделі жөндеуден өткен орта қысымдағы №1 және №3 қазандықтар қалыпты жұмыс істеп тұр.
Ертең Риддер жылу-электр орталығының орта қысымдағы №2 қазандығы іске қосылатын болады. Қазір онда қосу-баптау жұмыстары аяқталуға жақын.
Ал жоғары қысымдағы №4, №5, №6 қазандықтарды күрделі жөндеу тәуліктік режимде жалғасуда. Ол жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес қарашаның 15-не дейін толық аяқталуға тиіс. Жөндеу жұмыстарымен бірнеше ауысымда 400-ден астам адам айналысып жатыр.
Осылайша, былтыр қыста болған апаттан кейін жылу-электр орталығындағы барлық алты қазандық толықтай жөндеуден өтіп, технологиялық тізбек қайта қалпына келтірілмек.
Өткен жылыту маусымында 60 мыңдай тұрғыны бар Риддер қаласының жылу-электр орталығында 84 апатты өшірудің болғаны белгілі. Күрделі жөндеуден өткеннен кейін алдағы жылу беру маусымында мұндай жайттарға жол берілмеуге тиіс деп сендіріп отыр сала мамандары.