KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Жыл басынан бері 11 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

www.gov.kz

29.10.2025, 11:30 197 Базарова Айгүл

2025 жылдың басынан бері 11 012 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін иеленді. Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстанға жалпы саны 1 миллион 159,1 мың этникалық қазақ көшіп келген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Жыл басынан елге келген қандастардың негізгі бөлігі – 45,7%-ы Өзбекстаннан, 42,1%-ы Қытайдан, 4,5%-ы Түрікменстаннан, 2,6%-ы Ресейден, 2,6%-ы Моңғолиядан және 2,5%-ы өзге елдерден келген азаматтар.

2025 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша, этникалық қоныс аударушылардың 58,4%-ы еңбекке қабілетті жаста, 32,8%-ы – еңбекке қабілетті жастан кіші азаматтар, ал 8,8%-ы – зейнеткерлер.

Қоныс аударушылардың білім деңгейіне келсек, олардың 15,3%-ы жоғары білімді, 28,4%-ы орта кәсіби білімді, 50,6%-ы жалпы орта білімді және 5,7%-ының білімі жоқ.

Келген қандастар еліміздің түрлі аймақтарына қоныстанып жатыр. Оларды орналастыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары анықталған.

Аталған өңірлерге 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. Биылғы 1 қазанға дейін осы өңірлерге 1 725 қандас көшіп келген.

Мемлекет тарапынан қандастарға көшу кезінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, отағасына және отбасының әрбір мүшесіне бір реттік 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде субсидия беріледі. Сондай-ақ тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін) көмек қарастырылған.

Жыл басынан бері 916 қандасқа түрлі мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, соның ішінде 277 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Бұдан бөлек, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерге қолдау тетіктері енгізілді. Тұрғын үй сатып алу немесе салу, сондай-ақ ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасын төлеу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Бұл сертификат тұрғын үй құнының 50%-ына дейін немесе бір отбасына 4,56 миллион теңгеге дейін мөлшерде қайтарымсыз негізде ұсынылады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу