KZ
Өскемен
-22°
туман жел 1 м/с, С
506.7 593.14 6.53

Жыл басынан бері 3,2 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

25.04.2025, 16:30 396 Төлеуғазы Жансая

2025 жылдың басынан бері 3 203 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, «қандас» мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 151 мыңнан астам этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жыл басынан келген қандастардың ішінде 48,1 пайызы – Қытайдан, 39,5 пайызы – Өзбекстаннан, 5,8 пайызы – Түрікменстаннан, 2,5 пайызы – Моңғолиядан, 1,9 пайызы – Ресейден және 2,2 пайызы басқа елдерден қоныс аударған.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша этникалық көші-қон аясында келгендердің 60,7 пайызы – еңбекке қабілетті жастағылар, 31,1 пайызы – еңбекке қабілетті жастан кіші балалар, 8,2 пайызы – зейнет жасындағы азаматтар.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 17,9 пайызы – жоғары білімді, 27,8 пайызы – орта кәсіби білімді, 52,9 пайызы – жалпы орта білімді, ал 1,4 пайызының білімі жоқ.

Этникалық қазақтар еліміздің түрлі өңірлеріне қоныстануда. Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.

Осы өңірлерде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 1 сәуірдегі жағдай бойынша аталған аймақтарға 642 этникалық қазақ қоныстанған.

Мемлекет тарапынан қандастарға көшуге және бейімделуге қатысты бірқатар қолдау шаралары ұсынылады. Атап айтқанда, көшіп келген отбасыларға 70 айлық есептік көрсеткіш (275,2 мың теңге) көлемінде біржолғы көшуге арналған субсидия беріледі. Сонымен қатар тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге төлем ретінде бір жыл бойы 15-тен 30 АЕК-ке дейін (шамамен 59-дан 118 мың теңгеге дейін) қаржылай көмек көрсетіледі.

Жыл басынан бері 147 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде 94 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сондай-ақ ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс берушілерге институционалдық қолдау шаралары енгізілді. 

-Қоныс аударушыларға арналған тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық несиенің бастапқы жарнасын жабуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Бұл сертификат тұрғын үй құнының 50 пайызына дейін немесе бір отбасыға 4,56 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде беріледі. Қаржы біржолғы, қайтарымсыз және өтеусіз негізде ұсынылады,- делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми хабарламасында.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу