KZ
Өскемен
-20°
туман жел 1 м/с, СШ
498.65 589.06 6.49

Риддер экономикасы өркендеуде: қала сенімді даму жолында

3.11.2025, 14:00 222 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстанның шағын индустриялық орталығы саналатын Риддер қаласы соңғы жылдары тұрақты даму қарқынын көрсетіп келеді. 2024 жылы басталған оң серпін биыл да өз жалғасын табуда. Экономика мен әлеуметтік саладағы айқын өзгерістерді қала тұрғындары өз көздерімен көріп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі бюджетке 15 млрд 883 млн теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 121,3%-ды құрайды. Қаланың меншікті кірістер жоспары да артығымен орындалған – жоспарланған 7 млрд 138 млн теңгенің орнына нақты 7 млрд 702 млн теңге түскен (107,9%).

Экономиканың тұрақтылығы мен табысты дамуы риддерліктердің өмір сапасын арттыруға қолайлы жағдай туғызып отыр.

Өндіріс пен инвестиция – Риддердің тірегі

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Риддердің экономикасының негізін өндіріс саласы құрайды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 92%, бұл шамамен 106 млрд теңге.

Экономиканы әртараптандыру бағытында қалада өңдеу және туризм салаларына ерекше басымдық берілуде.

Мәселен, «Риддер Полиметалл» серіктестігі 8,8 млрд теңге инвестиция көлемімен жаңа өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба 2026–2028 жылдарға есептелген, қазір жер телімін таңдау жұмыстары жүріп жатыр.

Ал «Алтай Темір» компаниясы 2033 жылға дейін Лениногор каскадындағы Тишин су қоймасында тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған. Инвестиция көлемі – 5,5 млрд теңге. Қазір барлау және флотациялық шағын фабрика салуға дайындық жүріп жатыр.

Туризм саласы – қаланың жаңа бет-бейнесі

Риддер – Шығыс Қазақстандағы қысқы туризм мен тау шаңғысы спортының жетекші орталықтарының бірі. Қалада қазіргі таңда 39 туристік нысан жұмыс істейді, олардың жалпы сыйымдылығы – 1648 төсек-орын. Мұнда 12 қонақүй, 23 түрлі демалыс орны (коттедждер, аңшылық және балық аулау базалары, трейлер парктері және т.б.), екі тау шаңғысы базасы – «Эдельвейс» пен «StardustCamp», сондай-ақ Поперечное ауылындағы «Арт-изба» қонақ үйі бар.

Қала әкімінің орынбасары Болат Акужановтың айтуынша, осы жылдың алғашқы жартысында Риддерге 19 844 турист келген, оның ішінде шетелдік туристер саны 2,3 есеге артып, 1370 адамды құраған.

Қалада туризмді дамытудың келешегі зор бағыттарының бірі – Иванов жотасында орналасатын жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» тау-шаңғы курортының құрылысы.

2025 жылдың соңына дейін қалада үш ірі туристік нысан пайдалануға беріледі:

  • қонақүй кешені мен дәмхана құрылысы;
  • «RIDDER RESORT HOTEL» қонақүйін жаңғырту;
  • «Палевая Яма» демалыс базасын салу.

Бұл жобалар қонақүй нөмірлерінің санын 56 бірлікке арттыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы – тұрақты өсім аймағы

Қаңтар–тамыз аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3 млрд 128 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,6%-ға өскен. Сүт өндірісі 13,8%-ға, жұмыртқа өндірісі 5,5%-ға артты. Мал басы мен құс саны көбейген. Сала құрылымында егін шаруашылығы – 80,5%, мал шаруашылығы – 19,5%.

Қаладағы «Дудкин А.С.» шаруа қожалығы тәулігіне 6 тонна сүт өндіретін сүт фермасын табысты дамытып отыр. Биыл олар 240 басқа арналған бұзаухана салу жобасын іске асыруда.

Әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту

Қалада 131 аз қамтылған және көпбалалы отбасы тіркелген. Әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға жергілікті бюджет есебінен 125,7 млн теңге бөлінген.

Жыл басынан бері 978 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 1532 жаңа жұмыс орны ашылды.

Білім саласы да басты назарда. Риддерде 15 мектеп пен 12 балабақша бар, оның ішінде 2 жеке балабақша мен 1 мектеп-кешен, сондай-ақ 3 қосымша білім беру орталығы жұмыс істейді.

3–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100%-ға жеткен.

2024 жылы «Келешек мектептері» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық жаңа мектеп салынды (құны – 5,5 млрд теңге). Биыл «Қазцинк» компаниясы мемлекеттік тілде білім беретін тағы бір 600 орындық мектептің құрылысын жалғастыруда.

Спорт және мәдениет

Биыл Риддер қалалық Мәдениет сарайында 90 мәдени-көпшілік шара өткізілді.

2026–2027 жылдары үш ірі спорт нысаны салу жоспарланған:

  • спорттық-сауықтыру кешені;
  • республикалық оңалту және қалпына келтіру орталығы;
  • К-20 трамплині.

Қала стадионы «Соколды» жаңарту мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Денсаулық сақтау саласы

Қалада 500 адам қабылдайтын емхана мен 200 орындық стационардың құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 34,8 млрд теңге.

Емхананың дайындық деңгейі – 93%, ал стационарда ішкі әрлеу және қасбет жұмыстары жүруде. Құрылыс желтоқсанда толық аяқталмақ.

2025 жылы медициналық жабдықтарға 16,2 млн теңге бөлінді, ал «Қазцинк» компаниясы қосымша 25,4 млн теңгеге заманауи аппараттар сатып алды.

Дегенмен дәрігер тапшылығы өзекті мәселе күйінде қалып отыр – 9 маман жетіспейді. Кадр тарту мақсатында «Қазцинк» келген дәрігерлерге 1 млн теңгеден көтерме ақы төлейді.

Инфрақұрылым және тұрғын үй

Қала тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту мақсатында биыл 4,5 млн теңгеге екі жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, Гавань ауданында ұзындығы 3,7 км су құбыры желілерін тарту бойынша жобалық құжаттама дайындалған.

Жылу жүйесін жаңарту да белсенді жүргізілуде. 2023–2025 жылдары бұл мақсатқа Үкімет пен облыс бюджеті есебінен 21 млрд теңге бөлінді.

Риддер ЖЭО-ны жөндеуге – 1,5 млрд теңге, ал отын сатып алуға – 1,6 млрд теңге бағытталған.

2024 жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 10 жеке тұрғын үй сатып алынса, 2025 жылы тағы 22 үй (43 пәтер) алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Қазцинк» 60 пәтерлі тұрғын үй салып жатыр.

Байланыс және жолдар

Қала халқының 99,5%-ы интернетке қосылған. Ливино және Поперечное ауылдарында байланыс сапасын арттыру үшін «OneWeb» нүктелері орнатылады.

Үш мектеп те «Starlink» жүйесі іске қосылды.

Жол жөндеу жұмыстарына биыл 545 млн теңге бөлінді. Қала көшелерінде асфальт төселіп, тротуарлар жаңартылып, жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ балалар және ойын алаңдары салынып, 330 млн теңгеге абаттандыру жұмыстары атқарылды.

Қорыта айтқанда, Риддер қаласы – Шығыс Қазақстандағы сенімді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Өндіріс, туризм, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саладағы қарқынды жұмыс қала өмірін жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындарға жайлы әрі заманауи орта қалыптастыруда.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу