KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
511 602.72 6.49

Катонқарағай ауданында экономикалық өсім бар – әкім есеп берді

25.06.2025, 13:15 345 Айна Ескенқызы

Катонқарағай ауданы 2025 жылдың алғашқы бес айында тұрақты даму көрсеткіштерін байқатты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Данияр Дүйсембаев мәлімдеді.

Аудан бойынша өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 419,5 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 115,9 пайызға көп (2024 жылы – 361,7 млн теңге). Ал өңдеу өнеркәсібінің нақты көлемі 223,7 млн теңге болды.

– Бұл – аудан экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін нақты көрсеткіштер, – деді аудан басшысы.

Биыл аудандағы инвестиция көлемі 1,7 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 540 пайызға артқан. Бұл – ауданда соңғы жылдары тіркелген ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

– Ауданымыз жеке аудан ретінде бөлініп шыққанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан жеке кәсіпкерлер белсенділік танытып отыр. Инвестицияның 86,5 пайызы – жеке сектордың үлесі, – деді Дүйсембаев.

Аудан аумағында 1 млрд 28 млн теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілген, бұл да өткен жылмен салыстырғанда 539,8 пайызға артық. Сонымен қатар, 1 318 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 12 пәтерлік тұрғын үй салынып, қоныс иелері баспаналы болды.

Жеке қаражат есебінен де тұрғын үйлер салынуда – жалпы көлемі 3100 м².
Кәсіпкерлік те дамып келеді
2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында ауданда 1 368 шағын және орта бизнес субъектісі тіркеліп, жұмысын жалғастыруда. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға көп (2024 жылы – 1 325 бірлік).

– Мемлекеттік қолдау мен түрлі гранттар кәсіпкерлікке серпін беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді аудан әкімі.

Катонқарағай ауданындағы биылғы бес айдың қорытындысы көрсетіп отырғандай, өңірде экономиканың барлық саласында өсім бар. Бұл – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін оң өзгерістердің бастауы.

Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу