KZ
Өскемен
-34°
переменная облачность жел 1 м/с, СШ
510.95 594.49 6.5

«Адал азамат» – ел ертеңін тәрбиелеудің тұғыры

4.11.2025, 11:00 186 Базарова Айгүл

Өскеменде «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жүзеге асырылуы» тақырыбында жеке меншік мектептердің басшыларына, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына және сынып жетекшілеріне арналған облыстық семинар өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – өңірдегі жеке меншік білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын тиімді іске асыруға жағдай жасау, педагогтердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру және жас ұрпақ бойында азаматтық сана мен ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған ортақ іс-қимылды күшейту.

Семинар жұмысы еліміздегі жаңа тәрбиелік саясаттың бағыт-бағдарын айқындауға арналған ашық пікір алаңына айналды.

Қатысушылар «Адал азамат» бағдарламасының мазмұнын терең талдап, оны мектеп өміріне енгізудің түрлі жолдарын қарастырды. Әңгіме өзегінде тек ресми құжаттар ғана емес, рухани бай, адал және жауапкершілігі жоғары тұлға тәрбиелеу идеясы тұрды.

Жеке меншік мектептердің тәрбие жұмысы бойынша тәжірибелі мамандар өздерінің практикалық нәтижелерімен және нақты мысалдарымен бөлісті. Мәселен, №46 орта мектептің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аида Абдрахманова «Адал азамат» бағдарламасын мектеп деңгейінде енгізу тәжірибесімен бөлісіп, оқушылардың бойында адалдық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырудың тиімді әдістерін ұсынды. Ал М.Шаяхметов атындағы №23 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марина Борзенко өз сөзінде бағдарламаны жүзеге асырудың нақты тетіктерін көрсетіп, аталған жоба арқылы мектеп мәдениетінде оң өзгерістердің байқалғанын атап өтті. №47 орта мектептің өкілі ата-аналармен бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Ол ұсынған «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» бастамасы отбасы мен мектеп ынтымақтастығын нығайтып, тәрбиенің тұтастығын қамтамасыз етудің тиімді үлгісі ретінде бағаланды.

Семинар қатысушыларының пікірінше, «Адал азамат» бағдарламасы – қоғамның болашағына бағытталған идеологиялық бағдар. Білім беру жүйесіндегі әрбір ұстаздың, ата-ананың және оқушының рухани әлемін біріктіретін құндылықтар жиынтығы. Себебі, саналы тәрбие – тұлға қалыптастыратын темірқазық. 

Қазіргі таңда қоғамға адал, еңбекқор, әділетті және отансүйгіш тұлғалар қажет. Осы тұрғыда «Адал азамат» бағдарламасы арқылы жаңа буынның мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруда нақты қадамдар жасалуда.

Іс-шара соңында тәжірибелерімен бөліскен барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар семинарды қорытындылай келе, тәрбие ісіндегі жаңашылдық пен сабақтастықты сақтау – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Адал азамат» бағдарламасы – бір күннің немесе бір оқу жылының жұмысы емес, ұлттың рухани өзегін нығайтатын үздіксіз процесс.

Шығыс Қазақстан педагогтері осылайша бір бағытта – адал, парасатты, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу жолында бірігіп еңбек етуде.



Фото: ШҚО Білім басқармасы 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу