KZ
Өскемен
-13°
туман Штиль
503.17 600.89 6.63

Президент құқық қорғау саласындағы цифрландыру жұмысындағы жүйесіздікті сынға алды

26.01.2026, 15:15 444 Базарова Айгүл

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада жиын өткізді. Мемлекет басшысы елімізде ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын және алдымызда Конституциялық реформа жүргізу, мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар, жаңа дәуірде барлық салаға цифрландыру мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу жұмысымен белсенді түрде айналысу қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, қазіргі таңда қазақстандық қоғамға, жалпы елімізге заң үстемдігі, тәртіп мықтылығы ауадай қажет.

«Кейбір шет елдерде болып жатқан қазіргі өте күрделі ахуалды көріп, бұл саясатымыздың дұрыстығына бәріміздің көзіміз жетіп отыр, оған ешқандай күмән жоқ. Заң мен тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылдануы керек, бұл қағидатты жаңа Конституциямызға міндетті түрде енгізу қажет деп санаймын. Себебі бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, өміршең қағидат екені даусыз. Бас прокуратураның осы саладағы рөлі аса маңызды. Прокуратура қызметкерінің заңның бұзылуына бейтарап, селқос қарауға құқығы жоқ», - деді Президент.

Жиында құқық қорғау жүйесін цифрландыру үдерісінің біркелкі емес, яғни, әр жерде әрқалай екендігі де ерекше атап өтілді. Мемлекет басшысы әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытып, жүйесіз жүргізіліп жатқандығын жасырмады.

«Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент азаматтардың дербес деректерін қорғау қажеттігін тағы нықтады. Бұл бағытта да жүйелі жұмыс керектігін ашық айтты. Сондай-ақ, киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажеттігі, туралы бастама көтерді.

«Әлемде киберқылмыс өршіп барады. Жыл сайын мыңдаған азаматымыз соның құрбаны болып жатыр. Қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет», - деп ескертті Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев көші-қон үдерістерін жаппай цифрландыруды өте өзекті мәселе ретінде атады.

«Дүние жүзінде кең ауқымды көші-қон жүріп жатыр десек, қате болмайды. Қоныс аударғысы келетін шетелдіктер үшін Қазақстан – басқа елдерге өтуге де, тұрақтап қалуға да қолайлы мемлекет. Елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын техникалық құралдарды жетілдіру – аса маңызды міндет. Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, осы жұмысты тездетуді тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Ел Президенті азаматтарға деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жандандыру керектігін айтты. Себебі, технологияның қарқынды дамуы ақпараттық кеңістіктің түбегейлі трансформациясына жол ашып отыр. Жасанды интеллект кері ағымның қолындағы қаруға айналмауы керек.

«Қоғамды жікке бөліп, азаматтарды бір-біріне қарсы қоятын деструктивті ақпарат таратуға бейіл адамдар да бар. Мұның бәрі өшпенділікке бастайтын ешкімге қажетсіз, тіпті қауіпті пікірталасқа жалғасады. Жасанды интеллектіні осындай адамдар ақпараттық қаруға айналдырып, заңға қайшы келетін контенттерді көптеп тарата бастайды. Бұған жол беруге болмайды. Ондай әрекеттерге құқықтық баға беріп, жауапкершілікке тарту қажет. Азаматтарға деструктивті контентті таратудың құқықтық салдары жөнінде үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Дамудың жаңа жолына қадам басып отырған елде тәртіпсіздік пен заңсыздыққа жол беруге болмайды. Осыны алға тартқан Президент отаншылдықтың әсіреұлтшылдыққа еш қатысы жоқ екендігін түсіндірді.

«Ұлттық құрылтай отырысында мен отаншылдық ұғымы туралы пікірімді айттым. Отаншылдық, бұл жай ұран емес, отаншылдық дегеніміз – қасиетті сезім, мұның әсіреұлтшылдыққа еш қатысы жоқ. Қазақстанда біз отаншылдық ұғымына жауапкершілік және жасампаздық тұрғысынан қарауымыз керек, яғни отаншыл азамат ең алдымен жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат болуға тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік – саяси ұпай жинау немесе қызметтік мансап жасау емес, бұл – Отаныңа жақсылық жасау, еліңе пайда әкелу деген сөз», - деді ол.

Сонымен қатар жиында Бас прокурор Берік Асылов, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов сөз сөйледі.



Фото: Ақорда

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу