KZ
Өскемен
+1°
снег жел 7 м/с, ОБ
509.84 595.75 6.47

Барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы іске қосылады

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

18.07.2025, 12:00 422 Ержан Әбіш

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де тәрбиелік жұмыс бірыңғай «Адал азамат» бағдарламасы негізінде жүргізіледі. Бұл — бұған дейін жүзеге асқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының заңды жалғасы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының хабарлауынша, 2025 жылғы 26 мамырда №123 бұйрықпен министрлік бұл бағдарламаны жаңа атаумен ресми түрде бекітті. Бағдарламаның басты мақсаты — адал әрі еңбекқор азаматты тәрбиелеу. Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы серіктестікті күшейтеді.

Мұндай стандарттар елімізде алғаш рет жекеменшік мектептер үшін де міндетті болады. Бұл барлық аймақта тәрбиелік жұмыстың біркелкі талаппен жүруін және тең жағдай жасалуын қамтамасыз етеді.

Барлық мектепке ортақ визуалды стандарт енгізіледі. Яғни, мектеп ішкі және сыртқы безендірілуі ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелеуі тиіс, – деп хабарлады министрліктегілер.

Тәрбие процесіне қатысушылардың өзара байланысына ерекше мән беріледі. Мектептердегі тәрбие жұмысы жергілікті басқару органдары, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау мен ішкі саясат қызметтерімен бірлесіп жүзеге асырылады.

Ай сайынғы тақырыптар сабақтар мен сыныптан тыс іс-шараларды өзара байланыстырып отырады. Мысалы: әділеттілік, еңбекқорлық, патриотизм және т.б. Осы мақсатта «Өнегелі 15 минут», күй сарынымен берілетін қоңырау, ұлттық ойындар сияқты жаңа форматтар енгізіледі. Сонымен қатар, оқушының сыныптан тыс тәжірибесін кеңейтуге ерекше назар аударылады, – деді министрлік өкілдері.

Бұған дейін «Біртұтас тәрбие» аясында алты ірі жоба жүзеге асқан болатын:

  • «Қамқор» – экология және волонтерлік;

  • «Еңбегі адал – жас өрен» – еңбекке баулу және кәсіби бағдар;

  • «Smart Bala» – IT және инновациялық ойлауды қолдау;

  • «Шабыт» – өнер мен мәдениет арқылы рухани даму;

  • «Ұшқыр ой алаңы» – дебат пен зияткерлік ойындар;

  • «Балалар кітапханасы» – сауаттылық пен кітап оқу мәдениетін арттыру.

Сонымен бірге, «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам», «Буллингтен қорған!», «Қауіпсіз қоғам» сияқты профилактикалық жобалар өз жұмысын жалғастырады. Олар балалар арасындағы буллинг, құқық бұзушылық және басқа да қауіптердің алдын алуға бағытталған.

Дмитрий Чжан

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу