KZ
Өскемен
-5°
туман жел 1 м/с, Ю
508.3 592.17 6.63

ЖРВИ жұқтырғандардың 62 пайызы балалар – ШҚО

depositphotos.com

1.12.2025, 19:30 195 Базарова Айгүл

Эпидмаусым басталғалы Шығыс Қазақстанда жедел респираторлық вирустық инфекцияның басым бөлігі балалар арасында тіркеліп отыр. 1 қазаннан 1 желтоқсанға дейінгі аралықта сырқаттанған 93 мыңнан астам науқастың дені — 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер, деп хабарлайды Altainews.kz.

Шығыс Қазақстанда 2025–2026 жылғы эпидмаусымның алғашқы екі айында ЖРВИ-дің 93 358 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 12 885,66 құрап отыр. Бұл туралы ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев хабарлады.

Ауру жұқтырғандардың құрылымында балалар саны айқын басым – 58 517 жағдай, яғни, барлық тіркелген деректің 62,68 пайызы. Бір жасқа дейінгі 1 060 нәресте вирус жұқтырған. Сондай-ақ, жүкті әйелдер арасында 276 ЖРВИ жағдайы анықталған.

Маман дерегінше, өңірдегі жалпы сырқаттанушылық өткен эпидмаусымның сәйкес кезеңімен шамалас деңгейде.

Облыста зертханалық түрде 73 A/H3N2 штамы жағдайы анықталды. Оның 37-сі — 14 жасқа дейінгі балалар арасынан анықталған.

ДДҰ биылғы эпидемиялық маусымда A/H3N2 штамының белсенді таралатынын болжаған еді. Сонымен қатар A/H1N1pdm09 және B (Victoria) типтері де қатар жүреді деп күтілген. Зертханалық нәтижелер бұл болжамды толық растады. Халық арасында «гонконг тұмауы» деп аталып жүрген бұл түр – жыл сайын айналымда болатын маусымдық вирус. Маманның айтуынша, қорқатын себеп жоқ, бастысы – профилактикалық шараларды сақтау.

Санитариялық қызмет мына кеңестерді ұстануды ұсынады:

  • тұмауға қарсы вакцина алу;
  • қолды сабындап жуу, антисептик қолдану;
  • маска тағу;
  • сырқат адамдармен қарым-қатынасты шектеу;
  • бөлмелерді желдету, ылғалды тазалау;
  • дұрыс тамақтану және иммунитетті күшейту.

ЖРВИ қоздырғыштарын анықтауға арналған 443 зерттеу жүргізіліп, оның 99-ында риновирус, бокавирус және аденовирус анықталған.

Эпидмаусымға дайындық аясында облысқа жергілікті бюджет есебінен Гриппол плюс вакцинасының 75 мың дозасы сатып алынған. Қосымша 2 000 доза жұмыс берушілер мен ақылы қызмет көрсету үшін жеткізілді.

Қазіргі уақытта өңірде 77 000 адам тұмауға қарсы вакцина алды. Бұл – облыс халқының 10 пайызынан астамы. Оның ішінде:

  • тәуекел топтары – 75 000 адам (100%);
  • жұмыс берушілер есебінен — 1 820 адам;
  • ақылы түрде — 180 адам.

Мамандар тұрғындарды маусымдық тұмаудан қорғанудың ең тиімді тәсілі – вакцинация екенін еске салып, екпе алуға шақырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу