Жыл көлемінде 248 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды – ШҚО
2025 жылдың басынан Шығыс Қазақстан аумағында бірде бір еңбек дауы тіркелмеген. Ал есепті кезеңде мемлекеттік еңбек инспекторлары 17 кәсіпорыннан 179 қызметкердің пайдасына 116,53 млн теңге жалақы берешегін өндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл аясында атқарылған осы және өзге де жұмыстың барысы туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті облыстық департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов баяндады.
Бақытбек Құрманбекұлының айтуынша, қазіргі таңда департамент "Кэмонт" акционерлік қоғамында, оның ішінде жалақы бойынша берешекті нақтылау бойынша профилактикалық бақылау жүргізуде. Тексеру аяқталған соң дағдарысқа қарсы штаб отырысында жағдайдан шығу жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында құқық қорғау органдары, Мемлекеттік кірістер және Әділет департаменттері, Жеке сот орындаушылар палатасының облыстық филиалы және барлық мүдделі жергілікті органдар басшыларының қатысуымен жалақы бойынша берешекті өтеуге арналған акционерлік қоғам басшысының есебін қарау жоспарлануда.
Берешекті жою және оның алдын алу мәселесі облыстық үшжақты комиссияның бұған дейінгі алты отырысында қаралып, жұмыс берушілерге ұсынымдар берілген.
248 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды
Бұған дейін облыстық Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысында аймақтың еңбек ұжымдарындағы ахуалдың тұрақтылығы үнемі назарда болатындығын атап өткен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа жылға дейін өңірдегі барлық кәсіпорындар мен жұмыс берушілер жұмысшылар алдындағы жалақы берешектерін толық өтеуі керектігін тапсырды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінде облыс халқының саны 719 759 адамды құрайды, 14 980 кәсіпорын тіркелсе (ірі – 110, орта – 325, шағын – 14 545), оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары – 12 138, белсенді – 6 595, жалдамалы қызметкерлер саны – 191 131.
Негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, ағымдағы жылдың 11 айында жеке және заңды тұлғалардан Департаментке 1 683 өтініш түскен. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 1 599, еңбекті қорғауға қатысты – 69, халықты жұмыспен қамту мәселесінде – 15. Барлық өтініштер заңнамаға сәйкес қаралып, жауап берілген.
Бірыңғай цифрлық платформа
Есепті жыл аясында Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы жұмыс берушілерге әдістемелік көмек көрсетіп, 2 офлайн-семинар өткізген. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қосымша 400-ден астам кадр қызметінің мамандарын қамтыған онлайн-семинар ұйымдастырылған.
Облыс бойынша барлық 558 ұйым Бірыңғай цифрлық платформаға штат кестесін кіргізген. Бүгінгі таңда 558 ұйымның 537-сі (96,1%) қызметкерлерді өздерінің штаттық кестелеріне толық енгізді, 21 ұйым бойынша жұмыс жалғасуда.
Шығыс Қазақстанда инновациялық жобалар навигаторы шеңберінде 2022-2030 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 859 млрд теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Комитеттің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік еңбек инспекторлары әкімдіктермен және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен бірлесіп, Еңбек шарттарының бірыңғай есепке алу жүйесі арқылы жаңа жұмыс орындарының құрылуын бақылау жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, жалпы құны 56,49 млрд теңгені құрайтын және 710 жоспарланған жұмыс орнын қамтитын 8 жобаның іске асырылуы қадағалануда.
Оның ішінде Өскемен қаласында екі жоба, жалпы құны 16,0 млрд теңге, 105 жұмыс орны, Алтай ауданында екі жоба, тиісінше 16,551 млрд теңге және 60 жұмыс орны, Зайсан ауданында 7,349 млрд теңгеге 53 жұмыс орны, Глубокое ауданында сегіз млрд теңгеге 92 жұмыс орны, Самар ауданында тоғыз млрд теңгеге 400 жұмыс орны көзделген.
Қазіргі уақытта Өскемен қаласында өткен қазан айында жұмысын бастаған, құны 11 млрд теңгені құрайтын ірі Maxi Mall сауда және ойын-сауық кешені жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде онда тұрақты 158 жұмыс орны ашылды. Қалған жобалар құрылыс және жоспарлау кезеңінде тұр.
Ұжымдық шарттарды цифрландыру
Облыс аумағында 5 696 ұжымдық шарт немесе есепті кезеңде жұмыс істейтін кәсіпорындардың жалпы санының 86,4% бар.
Өңірдегі кәсіподақтармен бірлесіп барлығы 646 ұжымдық шарт цифрландырылған (ірі – 110, орта – 325, кіші – 211), жылдық жоспар 120,7%-ға орындалып отыр.
Бүгінгі таңда Департамент комитеттің желтоқсан айына бекіткен қосымша жоспарын орындау бойынша жұмыс жасауда.
Өңірге жеті жүзден астам шетелдік қызметкер тартылған
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылдың 11 желтоқсанындағы дерек бойынша өңірге 716 шетелдік қызметкер тартылған. Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен бірлескен жұмыс нәтижесінде 634 шетелдік қызметкердің еңбек шарттары бар екендігі анықталды. 67-сі корпоративішілік ауыстыру бойынша жұмыс істесе, 12-сі елімізге келмеген. Қалған екеуі еңбек шартын ресімдеу процесінде.
Бақытбек Құрманбекұлы 2025 жылғы 17 желтоқсандағы жағдай бойынша облыс кәсіпорындарынан 202 адам жұмыстан босатылғанын, оның ішінде штат санын қысқарту бойынша 22 кәсіпорында 200 адам, өз қалауы бойынша бір кәсіпорында екі адам жұмыстан кеткенін атап айтты.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 29 желтоқсанынан бастап "Шығыстүстімет" Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 69 қызметкері жұмыстан босатылуы мүмкін деп күтілуде. Соған орай, оларға қазіргі таңда облыс кәсіпорындарынан қолайлы бос жұмыс орындары таңдалуда.
Облыс кәсіпорындарынан босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мәселесі Департаменттің тұрақты бақылауында.
Еңбек тәуекелдерінің картасы
Облыстың бас еңбек инспекторы айтып өткендей, еңбек тәуекелдерінің картасына 3 865 кәсіпорын енгізілген, жоғары тәуекел – 56, орташа тәуекел – 65, тәуекелсіз – 3 744.
Өндірістік жарақаттану деңгейі артып отыр
Өкінішке орай, есепті кезеңде 101 жазатайым оқиға орын алып, 112 адам зардап шеккен, оның ішінде 13-і өліммен аяқталды. Бұдан бөлек 65-і – ауыр нәтижемен, 34-і жеңіл нәтижемен тіркелген.
Өндірістік жарақаттану деңгейі 5,4%-ға өскенімен, алайда, қаза тапқандар саны 24%-ға азайған. Барлық жағдайлар бойынша тергеу жүргізіліп, материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.
Бақытбек Қизатовтың айтуынша, осыған қатысты 4 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған ("Шығыстүстімет" ЖШС-нен – 2, "Шахтострой Инжиниринг" ЖШС-нен – 2). 61 бойынша іс тоқтатылса, 180 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 9 қызметкер жұмыстан шеттетілген.
Қоса кетсек, облыстың 14 кәсіпорнында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілген. Онда денсаулық жағдайы бойынша қауіпсіз жұмыс жүргізуді бақылау және персоналды қауіпсіз еңбек тәсілдеріне оқыту бойынша жұмысқа ауыстырылған 64 адам жұмыс істейді.
Профилактикалық бақылау
II жартыжылдыққа 28 кәсіпорынның профилактикалық бақылауы жоспарланған болса, 21 кәсіпорында тексеру аяқталды, бесеуінде жалғасып жатыр.
474 бұзушылық анықталды (еңбек қатынастары бойынша – 234, еңбекті қорғау бойынша – 236, жұмыспен қамту бойынша – 4). Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша 5 360 белсенді кәсіпорынның (мемлекеттік ұйымдарды қоспағанда) 5 075-сі (94,7%) сақтандыру шарттарын жасасқан. Сақтандыруды ресімдемеген кәсіпорындар бойынша Мемлекеттік аннуитеттік компаниямен бірлескен атаулы жұмыстар жүргізілуде.
Департамент басшысы айтып өткендей, 2025 жылдың басынан бастап мамандандырылған ұйымдар 12 кәсіпорында Министрліктің 2020 жылғы 11 қарашадағы №363 бұйрығына сәйкес кәсіби тәуекелдерге бағалау жүргізген. Оның ішінде қараша айында "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Теңге сарайы" ШЖҚ РМК-не, желтоқсан айында "Қазақстан су жолдары" РМК гидротехникалық құрылыстар филиалында тәуекелдерді бағалау жүргізілген.