Ерекше балаларды оқытуға жағдай жасалған мектептердің үлесі 95 пайызға жетті
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы мектептердің 95,2 пайызы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға жағдай жасаған. Қазіргі уақытта инклюзивті ортада 94 527 бала білім алуда. Мемлекеттік тапсырыс аясында 7 775 мүмкіндігі шектеулі бала психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен инклюзивті білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау тетіктерін жетілдіру және саладағы өзекті бағыттар талқыланды.
Қазақстанда инклюзивті білім беру адами әлеуетті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әрбір баланы оның жеке қажеттіліктеріне қарамастан қолдау – әділетті әрі орнықты қоғам құрудың негізгі шарты. Осы орайда тең мүмкіндіктер қалыптастыру және сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету салалық реформалардың басты басымдықтарының бірі ретінде белгіленген.
Қабылданып жатқан шаралар аясында елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау инфрақұрылымы кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Қазіргі таңда республика бойынша 537 бейінді ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 48 балабақша, 99 мектеп, 126 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 238 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 12 аутизм орталығы және 14 оңалту орталығы бар. Сонымен қатар қолдау кабинеттерінің саны 1 095-ке жетті.
Жұмыс тобының отырысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауға бағытталған мүдделі тараптардың ұсынымдары ұсынылды. Бұл бастамалар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелерінің өзара тиімді іс-қимылын күшейтіп, баланың дамуының барлық кезеңінде қажетті қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беруді дамыту бойынша жүйелі жұмысты алдағы уақытта да жалғастыратынын атап өтті.