Елімізде Мал өсірушілер одағы құрылды: мақсат – шаруаларды қолдау
Мал шаруашылығы саласының қатысушыларының мүдделерін үйлестіру және қорғау мақсатында елімізде жаңа салалық бірлестік – Мал өсірушілер одағы құрылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан мал өсірушілер одағының директоры Дәурен Салықовтың айтуынша, одақ құру туралы шешім кәсіби қауымдастықтың сала ішіндегі өзара іс-қимылды жүйелеу және мал шаруашылығын дамытудың негізгі мәселелері бойынша бірлескен ұстаным қалыптастыру қажеттілігіне жауап ретінде қабылданған. Бірлестік құрамына республикалық салалық палаталар, ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, бордақылау алаңдары, асыл тұқымды шаруашылықтар, ет өңдеу кәсіпорындары, сондай-ақ өндірістік тізбектің әртүрлі кезеңдерінде – өсіруден бастап өңдеу мен өткізуге дейін қызмет атқаратын фермерлік қожалықтар енді.
Жалпы алғанда, одақтың қызметі мал шаруашылығы саласының практикалық міндеттерін шешуге бағытталған: мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыру, шаруашылықтардың экономикалық тұрақтылығын нығайту, қайта өңдеу мен экспорттық бағыттарды дамыту.
Аталған бірлестіктің жұмысы мал шаруашылығының үйлесімді дамуына ықпал етіп, қазақстандық өндірушілердің ішкі және сыртқы нарықтардағы позициясын нығайтады деп күтілуде.