ШҚО-да Республика күні қарсаңында үздік полиция қызметкерлері марапатталды
фото: polisia.kz
Шығыс Қазақстанда Республика күніне орай ішкі істер органдарының ардагерлері, «Жас сақшы» сыныбының жас кадеттері, департамент қызметкерлері және басшылық өкілдері бір алаңға жиналып, елдің тәуелсіздік жолындағы маңызды кезеңін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz сілтеме жасап.
Іс-шарада департамент бастығы Ерлан Омарбеков мерекеге орай құттықтау сөз сөйлеп, Республика күнінің тарихи маңызын атап өтті.
Салтанатты жиын барысында марапаттау рәсімі өтті. Ішкі істер министрінің және облыстық полиция департаменті бастығының бұйрықтары оқылып, қызметтік міндеттерін адал орындаған, жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер марапатталды.
Төрт қызметкерге арнайы шендер мерзімінен бұрын берілді, тағы төрт қызметкерге шен бір саты жоғары тағайындалды. Марапаттардың ішінде сегіз қызметкер «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, үш қызметкер «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды, ал ішкі істер органдарының тоғыз ардагеріне ІІМ-нің алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар департаменттің 26 қызметкері аймақтық полиция бастығынан алғыс хат алды.
Мерекелік іс-шара жарқын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Онда облыстық филармония жұлдыздары мен полиция қызметкерлері өз өнерлерін көрсетті.