KZ
Өскемен
+19°
переменная облачность жел 1 м/с, В
507.07 572.53 6.37

ШҚО Полиция департаменті ардагерлерге құрмет көрсетті

9.05.2025, 16:20 297 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді. Шара Ұлы Отан соғысы мен ішкі істер органдарының ардагері, құрметті полицей Құрмат Рахимовқа арналған мурал маңында ұйымдастырылды.

Іс-шараның ерекше мәні соғыс және қызмет жолында өшпес ерлік көрсеткен Құрмат Рахимовтың шараға жеке қатысуы болды. Оның жауынгерлік батырлығы мен мінсіз қызметі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Ел құрметіне бөленген ардагерге ерекше ықылас көрсетілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО Полиция департаментіне сілтеме жасап.

ШҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, ардагерлердің ерлігін дәріптеудің маңызын атап өтті:

«Құрбан болған қаһармандардың рухына тағзым ету мен ардагерлерге  құрмет білдіру – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз. Бүгінгі бейбіт өміріміз үшін біз Жеңіс ұрпағына қарыздармыз. Олардың ерлігі – болашақ буынға үлгі болатын мәңгілік рухани бағдар», — деді департамент басшысы.

Өз кезегінде Құрмат Рахимұлы да көрсетілген ілтипат пен қамқорлық үшін шынайы ризашылығын білдіріп, баршаға денсаулық пен амандық тіледі.

Мерекелік шара Полиция департаменті хорының орындауындағы соғыс жылдарындағы әндермен жалғасып, ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар «Жас сақшы» сыныбының оқушылары дайындаған патриоттық қойылымдар көпшіліктің жүрегіне жол тапты.

Салтанатты іс-шара полиция қызметкерлері мен жас кадеттердің оркестр сүйемелдеуімен өткен шеруімен қорытындыланды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу