Майемерде жаңа медпункт ашылады
Фото: ШҚО денсаулық сақтау басқармасы
Үлкен Нарын ауданындағы Майемер ауылында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық пункттің құрылысы аяқталды. Бұрын медициналық пункт ауылдық клубтың ғимаратында орналасқан еді. Енді бес жүзден астам тұрғыны бар ауыл жаңа, заманға сай медпунктке ие болды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жобаның ерекшеліктері:
Құны: 203,579 мың теңге.
Мердігер: «Град Сервис» ЖШС.
Мақсаты: ауыл тұрғындарына қолжетімді алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсету.
Медициналық пункт бір медбикемен қызмет етеді. Енді ауыл тұрғындары анализ тапсыру, ине салдыру сияқты қарапайым медициналық қызметтерді жақын маңда ала алады. Қазіргі уақытта нысанды қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатыр. Құралдар орнатылғаннан кейін медпункт ресми түрде жұмысын бастайды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Назгүл Әлібекқызының айтуынша, медициналық пункт ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Нысан қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілгеннен кейін қызмет көрсете бастайды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» аясында 2023-2024 жылдары өңірде 36 алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсету нысаны салынуға тиіс.
2023 жылы 18 нысан пайдалануға берілді.
2024 жылы 17 нысан жоспарланған:
7 нысан қазан айында,
6 нысан қараша айында ашылды.
4 нысан желтоқсан айында іске қосылады.
Бір аудандық аурухана құрылысы 2025 жылға қалдырылды.
Майемердегі жаңа медициналық пункт - осы тізімдегі маңызды нысандардың бірі. Бұл ауыл тұрғындарының денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін едәуір жақсартады.
Айна Ескенқызы