ШҚО-да ЖОО оқытушылары арнайы дайындықтан өтіп жатыр
Бүгін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да террорлық акт қатері болған жағдайда алғашқы рекация бойынша оқыту процесі өтті. Университет қызметкерлеріне не нәрсеге назар аудару қажет және мұндай жағдайларда қалай әрекет ету керектігі айтылды.
ШҚО терроризмге қарсы комиссиясының қызметін қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Серікжан Нариманның айтуынша, мұндай іс-шара тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
- Барлық мектептер, жоғары оқу орындары, сауда орталықтары, автовокзалдар, әуежайлар - адам көп шоғырланатын объектілер. Яғни, егер ғимаратта 200-ден астам адам болса, онда террористік шабуылдар болу қаупі бар. Сондықтан әрдайым қандай жағдайға болсын дайын болу, бір қадам алда болу, ақпаратты білу өте маңызды, - дейді Серікжан Нариман.
Кездесу қатысушыларына террористік қауіп кезінде өзін қалай ұстау керектігі жөнінде бейнероликтер ұсынылды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері нұсқаулық жүргізіп, жарылғыш зат болуы мүмкін күдікті заттарды анықтаған кездегі әрекет ету тәртібін айтып берді.
Айта кету керек, бүгінде оқытудан 100-ден астам қызметкер өтті. Оқу жылының басына дейін университеттің барлық мамандарын оқыту жоспарлануда.