Алдағы оқу жылы қалай басталатыны белгісіз – министр
Жаңа оқу жылында білім алу форматы қалай болатыны әлі де белгісіз. Оған елдегі коронавирус пандемиясы себеп болып отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Instagram әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир барысында айтты.
- Алдағы оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталады. Бірақ оқу форматының қандай болатыны әлі белгісіз. Бүгінгі таңда оны нақты ешкім айта алмайды. Пандемияның екінші толқыны туралы алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан біз бірнеше нұсқа әзірлеп жатырмыз. Мұндай жағдайда дайын болу өте маңызды, - деді министр.
Жазғы демалыс барысында мұғалімдер қашықтықтан оқыту бойынша арнайы дайындықтан өтеді екен.
- Егер оқу жылын қашықтық білім беруден бастайтын болсақ, біз бұл жолғымен салыстырғанда анағұрлым дайын болуымыз керек. Алғашқы толқынды еңсердік, десе де қашықтықтан оқыту процессі ойдағыдай өтіп жатыр деп айта алмаймыз, - дейді Аймағамбетов.