2025 жылға дейін Өскеменде 6 мектеп салынады. Қай жерлерде?
ШҚО-да білім беру саласында мектеп инфрақұрылымын жақсарту шаралары жүргізілуде.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, өңірде үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толығымен шешілген.
- ШҚО-ла орын тапшылығын азайту мақсатында 2022-2025 жылдар аралығында 33 мектеп салу жоспарланған. Ағымдағы жылы 7 мектеп пайдалануға беріледі, оның 4-еуі ескірген ғимараттарын ауыстырады, - деді аймақ басшысы Өскемен тұрғындарымен кездесуінде.
Сонымен қатар, ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тұрғындармен кездесуде 2025 жылға дейін Өскеменде 4330 орындық 6 мектеп салынатынын атап өтті. Салынатын мектептер облыс орталығының Сол жағалау бөлігінде орналасады:
- 19-тұрғын үй ауданында 880 орындық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мектеп;
- «Нұрлы жол» ауданында 600 орындық мектеп;
- Спорт кластері ауданында 1200 орындық мектеп;
- 19-шы шағын ауданда 1200 орындық мектеп;
- 28-ші шағын ауданда 300 орындық мектеп;
- Мектеп-интернаты (150 орын) бар 300 орындық Білім инновация лицейін салу жоспарланған.
Сондай-ақ, облыс басшысының айтуынша, өткен жылы ШҚО-да 11 білім беру нысанына 1,1 млрд теңгеге күрделі және 197 мекемеге 2,8 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу, оның ішінде Өскеменде 1 млрд теңгеге жуық қаржыға 35 мектеп пен 11 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, биыл облыстың білім беру ұйымдарын жөндеуге тағы 1,7 млрд теңге қарастырылып отыр.