KZ
Өскемен
-7°
туман Штиль
505.53 593.44 6.34

Былтыр Қазақстанда қанша бала медициналық бақылаудан өтті

Кеше, 16:00 90 Базарова Айгүл

2025 жылы Қазақстанда балалар денсаулығын сақтау мен аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді. Ел көлемінде 4 миллионнан астам бала профилактикалық медициналық тексерулермен қамтылып, ерте диагностика мен алдын алу шаралары кең ауқымда жүзеге асырылды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Балаларды сауықтыру бағдарламалары аясында өткен жылы 4 млн-нан астам бала жоспарлы профилактикалық тексеруден өтті. Сонымен қатар, 2 млн-нан астам бала аудиологиялық скринингтен және психофизикалық дамуын бағалау тексерулерінен өткізілді. Ерте жастағы балалардың денсаулығына ерекше мән беріліп, 300 мыңнан астам нәресте неонаталдық скринингпен, ал 13 мыңға жуық бала офтальмологиялық тексерумен қамтылды.

Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында елдегі емханалар жанынан 209 педиатриялық бөлімше және 290 даму мен ерте араласу орталығы ашылды. Бұл орталықтар туа біткен ақауларды, даму ерекшеліктерін ерте кезеңде анықтауға және дер кезінде медициналық қолдау көрсетуге мүмкіндік берді.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының базасында құрылған ерте араласу орталықтарының қызметі нәтижесінде 50 мыңнан астам бала тұрғылықты жері бойынша қажетті медициналық көмекті уақытылы алды.

Саладағы жүйелі өзгерістер балаларға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға бағытталды. Осы мақсатта 10 медициналық стандарт жаңартылып, босану және балалық шаққа қатысты 26 клиникалық хаттама қайта қаралды. Бұл шешімдер ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етті.

Балалар денсаулығын сақтау – ұлт болашағына салынған инвестиция. Осы бағыттағы кешенді шаралар Қазақстанда өскелең ұрпақтың дені сау, жан-жақты дамуына берік негіз қалыптастырып отыр.


Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу