KZ
Өскемен
-7°
туман Штиль
505.53 593.44 6.34

Қазақстанда миллиондаған гектар ауыл шаруашылығы алқабы мемлекетке қайтарылды

Кеше, 18:00 84 Базарова Айгүл

Пайдаланылмай келген және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін халық игілігіне қайтару бағытындағы жұмыс Қазақстанда жүйелі түрде жүргізілуде. Президент тапсырмасы аясында 2025 жылдың өзінде 2,1 миллион гектар жер мерзімінен бұрын мемлекет меншігіне қайтарылып, жер ресурстарын тиімді басқаруда маңызды нәтижеге қол жеткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша бұл бастама 2022 жылдан бері құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен жұмыс істеп келе жатқан Жерді тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның үйлестіруімен жүзеге асырылуда. 2025 жылы комиссияның 3 отырысы өтіп, өңірлерде 42 аймақтық кеңес ұйымдастырылды. Ал комиссия құрылған уақыттан бері республикалық деңгейде 18 отырыс, өңірлерде ведомствоаралық кіші топтардың 430-дан астам жиыны өткізілген.

Аталған үдерістің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуде «Жер аманаты» комиссиясы мен «AMANAT» партиясының қоғамдық бақылауы маңызды рөл атқарды. Бұл институттардың қатысуы жер қатынастары саласындағы шешімдердің жариялылығы мен қоғам сенімін арттыруға ықпал етті.

Жалпы, 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 14,3 миллион гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 2022 жылы – 5,4 млн гектар, 2023 жылы – 4,6 млн гектар, 2024 жылы – 2,2 млн гектар, ал 2025 жылдың басынан бері – 2,1 млн гектар жер кері алынған. Қайтарылған алқаптардың 12,5 миллион гектары жайылымдық жерлер болып табылады. Тексеру барысында бұл аумақтарда 16,1 мың шаруашылықта малдың жоқтығы немесе жайылымдық жүктеменің төмендігі анықталған.

Мемлекетке қайтарылған жерлерді қайта айналымға енгізу жұмыстары да белсенді жүргізілуде. 2022 жылдан бері 7,7 миллион гектар жер қайта бөлінді. Оның ішінде 2,7 млн гектар ауыл тұрғындары үшін ортақ жайылым ретінде берілсе, 5 млн гектар конкурстық негізде ұсынылды. Бұдан бөлек, жер пайдаланушылар 4,6 млн гектар алқапта жерді тиімді игеруге кірісті.

Президент Жолдауында белгіленген тағы 7,5 миллион гектар жерді қайта бөлу жөніндегі жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте әкімдіктерге ең алдымен жергілікті тұрғындардың жайылымға деген сұранысын және ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтардың мүддесін ескеру тапсырылды.

Жоспардың мерзімінен бұрын орындалуы жер ресурстарын басқару жүйесінің тиімділігін, жерді ұтымды пайдалануға нақты жағдай жасалғанын және отандық ауыл шаруашылығының дамуына тың серпін берілгенін көрсетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу