2025 жыл отандық автомобиль жасау саласы үшін тарихи кезең болды
2025 жыл Қазақстанның автомобиль жасау өнеркәсібі үшін айрықша нәтижелерімен есте қалды. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, бір айдың ішінде елде жалпы құны 311,1 млрд теңгені құрайтын 22 580 бірлік автотехника өндірілді, деп хабарлайды Altainews.kz елдің Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Өткен жылдың қараша айымен салыстырғанда өндіріс көлемі 25,5 пайызға артқан. Мұндай өсім отандық автомобиль жасаудың тұрақты даму жолына түскенін және өндірістік әлеуеттің айтарлықтай күшейгенін көрсетеді.
Өсімнің негізгі драйвері – жеңіл автомобильдер сегменті болды. Бір айдың ішінде қазақстандық зауыттардан 20 730 жеңіл автокөлік конвейерден шықты. Сонымен қатар, 807 жүк көлігі, 646 автобус, 310 тіркеме мен жартылай тіркеме, сондай-ақ 87 арнайы мақсаттағы көлік өндірілді.
Саладағы бұл серпінді даму өндірістік қуаттардың кеңеюімен және Chery, Changan, Haval сынды халықаралық брендтердің Қазақстанда жергілікті деңгейде жаппай өндірісін іске қосудың нәтижесі екені атап өтіледі. Бұл қадамдар ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жалпы, 2025 жылдың алғашқы 11 айында елімізде 2,03 трлн теңгеге 146 163 бірлік автокөлік пен техника шығарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,7 пайызға жоғары көрсеткіш.
Қазіргі таңда автомобиль жасау саласы Қазақстандағы бүкіл машина жасау өнеркәсібінің 41,7 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш аталған саланың ел экономикасындағы ең қарқынды дамып келе жатқан және стратегиялық маңызы бар бағыттардың біріне айналғанын айқын дәлелдейді.