KZ
Өскемен
пасмурно жел 3 м/с, СБ
505.17 599.54 6.59

Шығыс Қазақстан Жаңа жылды кең көлемде атап өтті

1.01.2026, 03:00 214 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан өңірінде Жаңа жыл кең көлемде, ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Облыс орталығы Өскемен қаласындағы Республика алаңы жаңажылдық думанның жүрегіне айналып, өскемендіктер мен қала қонақтарына қуаныш сыйлады, деп хабарлайды Altainews.kz.

Мерекелік шаралар 31 желтоқсан кешінде басталып, жаңа жылдың алғашқы сағаттарына дейін үздіксіз жалғасты. Республика алаңындағы басты сахнада вокалдық ансамбльдер, танымал орындаушылар, би ұжымдары мен шоу-балеттер өнер көрсетті. Жаңа жылдық классикалық әуендер мен заманауи хиттер, ұлттық нақыштағы және әлемдік әуендер үйлесім тауып, түрлі стильдегі музыкалық попуррилер көрерменнің көңілін баурады. Әрбір өнер нөмірі әсерлі хореографиямен, жарықтың шебер үйлесімімен және жүргізушілердің көрерменмен етене байланысымен толықты.

Кеш бойы алаңда ерекше серпін берген интерактивті форматтар ұйымдастырылды. Көрермендер ток-шоуларға қатысып, dance cam арқылы биге ерік беріп, қала шағын аудандарынан жолданған жылы лебізді бейнеқұттықтауларды тамашалады. Бұл бастамалар мерекенің шеңберін кеңейтіп, Жаңа жылды тек алаңда емес, бүкіл қала болып қарсы алуға мүмкіндік берді.

Жаңажылдық бағдарламаның мазмұнын байытқан маңызды сәттердің бірі — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа жылдық құттықтауының тікелей эфирде көрсетілуі болды. Қаланың барлық мерекелік алаңдарында ұйымдастырылған көрсетілімнің арқасында өскемендіктер бой түзеп, жаңа жылға бірлік пен ынтымақ тілеп, қоңырау үнін бірге қарсы алды.

Республика алаңындағы мерекелік кешке өңір және қала басшылары да тұрғындармен бірге қатысты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов отбасымен бірге келіп, қала тұрғындарымен еркін тілдесіп, естелік суретке түсті. Сондай-ақ, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов та көпшілікпен бірге мерекелік көңіл-күйді бөлісті. 

– Жаңа жыл — үміт пен сенімге толы ерекше мереке. Бұл күні әр отбасы бір дастарқан басына жиналып, өткен жылға есеп беріп, алдағы күндерге арман-мақсат құрады. Мемлекет басшысы атап өткендей, 2025 жыл еліміз үшін жасампаздық пен табысты еңбектің жылы болды. Баршаңызды Жаңа жылмен, жаңа бақытпен құттықтаймын! – деді өңір басшысы.

Мерекелік түннің ең әсерлі сәті сахна төрінде Аяз ата мен ертегі кейіпкерлерінің келуімен басталып, қала аспанын жарқыратқан салтанатты отшашумен жалғасты. Өскеменнің бірнеше жерінде бір мезетте атылған фейерверк жаңа жылдың келгенін айшықтай түсті. 

– Алаңдағы безендіру өте әдемі, түрлі аймақтар ойластырылған. Жарық пен әуен көңілге қуаныш сыйлайды. Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтаймын, денсаулық пен бақ-береке тілеймін, – деді қала тұрғыны Әлия Соттыбаева.

Республика алаңындағы мерекелік концерттің басты қонағы — Мирас Ерболов болды. Оның отшашудан кейінгі сахналық өнері алаңды ерекше әсерге бөледі. 

– Бағдарлама өте мазмұнды әрі әсерлі өтті. Әсіресе, аниматорлар мен түрлі костюмдегі кейіпкерлер балалардың көңілінен шықты, – деп пікір білдірді қала тұрғыны Гүлжанат Қусаинова.

Республика алаңынан бөлек, Жаңа жылдық шаралар Үлбі жағалауында, ЖМК ауданындағы «Өскемен» аллеясында, сондай-ақ Комендантка, Защита және Ахмер шағын аудандарында ұйымдастырылды. Бұл қала тұрғындарына өз үйлеріне жақын жерде мерекені қарсы алуға мүмкіндік берді.

Дәстүрге сай, жаңажылдық түні өңірдегі барлық жедел және коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс атқарды. Қоғамдық тәртіп сақталып, мерекелік шаралар тыныш әрі қауіпсіз жағдайда өтті.


Дамир Омаров

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу