KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 3 м/с, З
512.83 600.58 6.36

Өскеменде Жаңа жылды қарсы алуға арналған мерекелік шаралар басталды

31.12.2025, 22:30 160 Базарова Айгүл

Өскемен қаласында Жаңа жыл мерекесіне арналған салтанатты шаралар сән-салтанатымен бастау алды. Көпжылдық дәстүрге сай, мерекелік думанның басты ордасы ретінде Республика алаңы таңдалып, дәл осы жерде қала тұрғындары мен қонақтары үшін кең ауқымды музыкалық-театрландырылған бағдарлама ұйымдастырылды. Кеш көркін түрлі жанрдағы өнерпаздар, вокалдық ансамбльдер, би ұжымдары мен кәсіби жүргізушілер қыздыра түсті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мерекелік кештің бағдарламасы сағат 21:00-ден түнгі 01:30-ға дейін жалғасады. Шарықтау шегі ретінде ресми тұлғалардың жүрекжарды құттықтаулары мен түнгі сағат 01:00-де атылатын отшашу болмақ.

Жаңа жылдық шаттық тек Республика алаңымен шектелмей, қаланың өзге де аумақтарын түгел қамтыды. Бір мезетте ЖМК шағын ауданындағы «Өскемен» аллеясында, Үлбі өзенінің жағалауында, Комендантка мен Защита шағын аудандарында, сондай-ақ Ахмер ауылында мерекелік бағдарламалар өтуде. Мұндай формат қаланың әр бөлігін қамтып, барлық тұрғынға ортақ қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй күй сыйлады.

Республика алаңындағы мерекелік кеш аясында диджейлердің әуезді музыкалық сеттері, жүргізушілер қатысқан интерактивті шоулар, вокалдық және би ұжымдарының өнер көрсетулері, көпшілікке сүйікті жаңажылдық және эстрадалық әндер, сондай-ақ бейнеқұттықтаулар ұсынылуда. Түн ортасында жиналған жұртшылық Мемлекет басшысының Жаңа жылдық құттықтауын тікелей эфирде тамашалап, одан кейін мерекелік кеш концерттік бағдарламалармен және салтанатты отшашумен жалғасын табады.

Дәстүрге сай, Жаңа жыл түні өңірдегі тіршілікті қамтамасыз ететін барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері қадағалап, жедел жәрдем бригадалары, өртке қарсы қызмет пен коммуналдық кәсіпорындардың авариялық бөлімшелері тәулік бойы кезекшілікте тұр. Бұл қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, кез келген төтенше жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Мерекелік шаралар аяқталған соң коммуналдық және жедел қызметтер өз жұмысын қалыпты режимде жалғастырады.


Дамир Омаров 

Фото: Жібек Нұрахмет 

Видео: Руслан Акматалиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу