Конституция күніне орай 29 тамыз күні Өскемен қаласында «Айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заң» атты форум өтті.
Шара барысында бірлік пен келісімнің аймақта өркен жаюына үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бірқатар этномәдени бірлестік пен шығармашылық ұжымның мүшелеріне алғыс хат табысталды. Атап айтқанда, ерекше құрметке бөленгендер қатарынан ШҚ мұсылман әйелдері бірлестігінің төрағасы Мараш Матиева, «Рудаки» тәжік этномәдени орталығының төрағасы Алавидин Гадаев, «Тәжік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рустам Зулфиев, ШҚО әзербайжан мәдени орталығының мүшесі Тарана Захарова, Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Жұлдыз Ақтанжанова, «Видергебурт» неміс мәдени орталығының мүшесі Лидия Роот, интернет ресурстарымен жұмыс жүргізу жөніндегі сарапшы Анастасия Рыльская, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсенділері Александр Гришенков пен Антон Ивлев көрінді.
– Бүгін «Достық үйі» – Қоғамдық келісім орталығында Конституция күнін тойлап жатырмыз. Бұл концертті этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұйымдар ойластырды. Өкілдеріміз шарада ән шырқап, би билеп, өз ұлтының өнерін паш етті. Басты мақсат – Конституция күнін насихаттау, облыс тұрғындарына аймақта тұратын әр ұлттың дәстүрі мен мәдениетін таныту. Облыста 105-тен астам этностың өкілдері тұрады. Бүгін 10 этностың мәдениетін көрсетеміз, – дейді «Достық үйі» – Қоғамдық келісім орталығы басшысының орынбасары Равиль Юнусов.
Оның айтуынша, күз мезгілінен бастап бірлестіктер мен ұжымдар белсенді қызмет атқара бастайды. Достық үйіне күн сайын келетіндер саны да аз емес.
– Біз білім беру мекемесі ретінде қыркүйек пен мамыр аралығында белсенді қызмет атқарамыз. Күн сайын шығармашылық ұжымдар дайындық өткізеді. Дайындық кезеңінде күніне «Достық үйіне» 700 шақты адам келеді. Демалыс күндері өтетін концерттерді 2 мыңға жуық адам тамашалайды. Біз өткізетін шаралардың бәрі тегін. Енді этномәдени бірлестіктер өткізетін мерекелік шаралардың легі бастау алады, – дейді ол.
Бүгінгі іс-шарада өнер көрсеткендер қатарында әртүрлі жастағы азаматтар бар. Солардың бірі – Валентина Фрышко.
– Мен қала тұрғындарын өте маңызды мемлекеттік мереке – Конституция күніне орай құттықтағым келеді. Бұл – мемлекеттегі барша адам бағынуы тиіс басты заң. Ұлтына, дініне, жасына қарамастан кез келген жан өзі тұрып жатқан елдің заңын құрмет тұтуы тиіс. Біз елімізбен, Қазақстанда көп этнос өкілі тұратынымен мақтанамыз. Бұл жерде әр ұлттың өкілін сыйлап, құрмет көрсетіп, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндік береді. Біз бәрін өз елінің заңын сыйлауға, құрметтеуге шақырамыз, – дейді поляк ұлтының өкілі Валентина Фрышко.