Достық үйінде Алғыс айту күнін атап өтті - ШҚО
Фото: Шығыс ақпарат
ШҚО-ның Достық үйінде 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай «Ұлт, ұлысқа ортақ үй - Қазақстан» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этно-мәдени және қоғамдық бірлестік өкілдері, шығармашылық ұжымдар, «Ассамблея жастарының» белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жиналғандар Достық үйінің фоэсіндегі этнографиялық музей мен этно-мәдени бірлестіктердің ұйымдастырған көрмесін тамашалады. Көрмеге қойылған жәдігерлердің әрқайсысы өткен күннен сыр шертіп, қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің салты мен дәстүрінен, мәдениетінен хабар береді. Сондай-ақ шара барысында LED-экраннан облыстық Достық үйінің құрылу тарихы, оның ұлтаралық достық пен келісімді нығайту жолында атқарған шаруалары туралы тақырыптық видеороликтер көрсетілді.
Бұдан кейін Қазақстан Асаммблеясының құрметті мүшесі Лео Шик, Қазақстан Ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағсы Геннадий Пуссеп, сондай-ақ облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков сөз алып, ізгі тілектерін білдірді.
Алғыс айту күніне орай бірқатар адамдар Қазақстан халқы Ассамблеясының төсбелгісі мен алғыс хаттарымен марапатталды. Марапатқа ие болғандардың ішінде кәсіпкерлер қауымдастығының мүшесі Мариф Фараджев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Әскерхан Хуанбай, «Мұсылман ханымдары» бірлестігінің төрайымы Мараш Зияшқызы, «Видергебурт» неміс мәдени орталығының белсендісі Галина Миллер және т.б. бар.
Бұдан кейін салтанатты шара мерекелік концертке ұласты. Залда жиналған қауым «Арабеск» хореогорафиялық ансамблінің, «Вдохновение» вокалдық квартеті мен «Ажарым» вокалдық тобының, «Вайнах» хореогорафиялық ансамблі мен жекелеген әншілердің өнерін тамашалады.