ІІМ көлік жүргізушілерін даярлау курстарына қатысты мәлімдеме жасады
Ішкі істер министрлігі интернет пен әлеуметтік желілерде таралып жатқан көлік жүргізушілерін жедел онлайн курстар арқылы даярлау жөніндегі ұсыныстарға байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ведомствоның хабарлауынша, болашақ жүргізушілер міндетті түрде автомектепте толық оқу курсынан өтуге тиіс. Аталған оқу бағдарламасына теориямен қатар практикалық сабақтар да кіреді. Жүргізу дағдыларын тек онлайн форматта толық меңгеру мүмкін емес.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңіспаевтың айтуынша, жүргізу машығы тек нақты жол жағдайында қалыптасады, ал онлайн курстар толыққанды оқытуды алмастыра алмайды.
Сонымен қатар министрлік автомектепті аяқтағанын растайтын қағаз түріндегі куәлікті ұсыну талабы жоқ екенін атап өтті. Оқу туралы мәліметтер арнайы ақпараттық жүйелер арқылы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына электронды түрде жолданады.
ІІМ өкілдері жүргізушілерді даярлау сапасы жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін ескертеді. Осыған байланысты азаматтарды оқу мәселесіне жауапкершілікпен қарап, күмәнді және заң талаптарына сай келмейтін ұсыныстарға сенбеуге шақырды.