Жаңа Әлеуметтік кодекстің қандай артықшылығы бар?
Фото: primeminister.kz
Премьер-Министр Әлихан Смайылов төрағалық еткен Үкімет отырысында биылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енетін жаңа Әлеуметтік кодекстің нормаларын іске асыру мәселелері қаралды.
Осы орайда ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында бірқатар қосымша шара қарастырылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі primeminister.kz ресурсына сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова енді республикадағы әлеуметтік қолдау мәселелері бір құжатпен, яғни Әлеуметтік кодекспен реттелетінін атап өтті. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді, оның нормаларының бір бөлігі жыл басынан қолданысқа енген.
Атап айтқанда, құжат туғаннан бастап кәмелеттік жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру, қиын өмірлік жағдай кезінде көмек көрсету, қарттарды қолдау және өзге де мәселелерді қамтиды.
Ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында бірқатар қосымша шара қарастырылды. Оның ішінде жыл басынан бері бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 450 мыңнан астам отбасы аталған көмекті алды. 1 шілдеден бастап «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Бұл шарамен 90 мыңға жуық әйел қамтылмақ.
Сонымен қатар Кодексте мүгедектігі бар азаматтарға көп көңіл бөлінді. Атап айтқанда, мүгедектерге, олардың қамқоршыларына және асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға артады. Жәрдемақы мөлшерінің жыл басында 8,5%-ға ұлғайғанын ескере отырып, төлемдер сомасы жалпы 23%-ға өспек.
Жалпы, жаңа Әлеуметтік кодекстің осы және басқа да көптеген нормасы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.