Қазақстанда азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін төлем беріледі
Елімізде 20 шілдеден бастап азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін төлем беріледі, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы жылдың шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады. 20 шілдеден бастап айдың соңына дейін әлеуметтік топқа жататын азаматтардың банк карталарына төлем түсіп отырады.
Бұл көмекті бес әлеуметтік топқа жататын азаматтар ала алады. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 АЕК (5556 теңге) мөлшерінде төлем жіберіледі.
Бес әлеуметтік топқа:
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;
– жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады.
Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.