Жазда күндізгі уақытта терезені жауып жүріңіз
Фото: egemen.kz
Астана қалалық жедел жәрдем станциясының ақпараттық-жедел диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі Сабыр Нарқұлов балалар субұрқаққа шомылу арқылы вирус жұқтыруы мүмкін екенін мәлімдеді.
Одан өзге, маман жаз кезінде аптап ыстықтан қорғану жолдарын айтты, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
– Ауа райына байланысты жеңіл киініңіз. Басыңызға жеңіл қалпақ киіп, күннен қорғайтын көзілдірік тағыңыз. Ағзаңыздың сусыздануына жол бермеу үшін өзіңізбен бірге су алып жүріңіз. Ас үлесінен майлы және қуырылған тағамдарды алып тастау ұсынылады. Бұл тағамдар ағзаға шамадан тыс жүктеме түсіреді. Сонымен қатар алкогольден, шөл қандырмайтын газдалған және тәтті сусындардан бас тартқан жөн. Ең дұрысы, ас мәзіріңізде дәруменге бай әрі ағзаға тез сіңетін көкөністер мен сорпалар болғаны жөн, - деді ол.
Ол күндізгі уақытта терезелерді жауып, ал кешкі уақытта бөлмелерді салқындату үшін терезелерді ашу қажет екенін айтады.
– Ауабаптағыштар да қауіпті. Температураның бірден ауысуы жоғары тыныс жолдарының ауруына, дене қызуының көтерілуіне, суық тиюге алуып келуі мүмкін екенін ескертеміз. Балалар субұрқақта шомылу арқылы вирустар мен зиянды микроорганизмдерді жұқтырып алуы да мүмкін. Даладан келе сала суық суға шомылмаңыз. Бұл басқа да ауруларға түрткі болуы ықтимал, - деді Сабыр Нарқұлов.