Иорданияда отандық «Алтын адам» фильмі көрермен көзайымы атанды
gov.kz
Қазақстандық «Алтын адам» анимациялық фильмі Иорданияда өткен IV Халықаралық балалар кинофестивалінде көрермен көзайымы жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы, сценарий авторлары – Әннас Бағдат пен Ұларбек Нұрғалым.
Фестиваль 15-21 тамыз аралығында Иорданияның Корольдік кинокомиссиясының ұйымдастыруымен, ханшайым Жәлилә бинт Әлидің қолдауымен өтті. Байқау бағдарламасына Қазақстанмен қатар Қытай, Нидерланды, Латвия сынды елдердің үздік балаларға арналған фильмдері енді.
«Алтын адам» фильмі 5 маусымнан бастап Қазақстандағы кинотеатрларда көрсетіліп келеді. Картинада Хан Тәңірі шыңына сапар шеккен сақ жауынгерінің оқиғасы баяндалып, батылдық, ар-намыс пен адалдық сынды құндылықтар дәріптеледі.