KZ
Өскемен
-30°
плотный туман Штиль
520.02 608.79 6.57

Қазақстандық «Шатырдағы екеу» фильмі Ресейде өткен фестивальде арнайы жүлдеге ие болды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

15.07.2025, 14:00 235 Ержан Әбіш

Қазақстандық «Шатырдағы екеу» фильмі Ресейде өткен «В кругу семьи» халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Картина ұлттық болмысы, әлеуметтік маңыздылығы мен көркемдік шешімі арқылы фестиваль қазыларының жоғары бағасын алды.

2025 жылғы фестиваль аясында 121 елден 2500-ден астам фильмге өтінім түскен. Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Италия, Үндістан, Иран, Мексика, Солтүстік Македония сынды елдердің туындылары қатарында, алғаш рет Эфиопия мен Сенегалдан да фильмдер қабылданған. Байқау бағдарламасына 36 елден келген толықметражды және қысқаметражды фильмдер енді.

«Шатырдағы екеу» фильмін фестиваль аясында туындының түпнұсқа музыкасын жазған композитор Виктор Сологуб таныстырды. Ол марапатты бүкіл шығармашылық топтың атынан қабылдап, толқынысын жасыра алмады. Сондай-ақ, фильм ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тереңірек түсінуге және қабылдауға ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, бұл - режиссер Гүлшат Смағұлованың алғашқы толықметражды фильмі. Картинада тағдыры ауыр жас жігіт Дамир мен аутизм диагнозы қойылған жасөспірім Костя арасындағы достық баяндалады. Туындыда инклюзия, толеранттылық пен ерекше балалардың қоғамға бейімделу мәселелері қозғалған. Түсірілім Алматы қаласы мен Талғар ауданында өткен. Фильм өткен жылы қазақ және орыс тілдерінде прокатқа шыққан.

Бұл марапат – «Шатырдағы екеу» фильмінің халықаралық деңгейде алған алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін картина Ханты-Мансийск қаласында өткен XXIII халықаралық кино-дебюттар фестивалінде «Душа России. Мировое кино» номинациясын жеңіп алған. Сондай-ақ, Үндістандағы «Золотой лев» фестивалінде бірден екі марапатқа – «Үздік халықаралық толықметражды фильм» және «Дебюттік фильм үшін үздік режиссура» номинацияларына ие болған. Мәскеуде өткен Fashion Film Festival фестивалінде де тоғыз жүлде жеңіп алған болатын.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу