«Қажымұқан» фильмі Италияда өткен кинофестивальде жүлдеге ие болды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстандық тарихи «Қажымұқан» фильмі Италияда өткен XXIX халықаралық IPAAF – Apoxiomeno кинофестивалінде басты марапаттарға ие болып, бірден төрт негізгі номинацияда жеңімпаз атанды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Altainews.kz тілшісі хабарлайды.
Министрлік пен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген бұл туынды атақты IPAAF – Apoxiomeno фестивалінің шынайы сенсациясына айналды. Қазақ фильмі бірден төрт аталымда жеңіске жетті: «Үздік фильм», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік режиссура» және «Үздік сценарий». Басты рөлді актер Ербол Төлепберген сомдады. Қазылар алқасы оның Қажымұқан бейнесін шебер жеткізгенін жоғары бағалады. Фильмнің режиссері Қанағат Мұстафин қойылым мен сценарий авторлығы үшін марапатталды. Сценарийді ол жазушы Жанат Қасабековпен бірлесіп әзірлеген.
Жобаға дайындық ұзақ уақытқа созылған. Қанағат Мұстафин фильм сценарийін 2012 жылы жазуға кірісіп, одан кейін бірнеше жыл бойы тарихи зерттеулермен айналысқан. Түсірілім жұмыстары 2020 жылы басталып, фильмнің тұсаукесері өткен жылы өтті. Туынды көрермендер мен киносарапшылар тарапынан жылы қабылданды.
Фильм желісі Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолына негізделген. Ол француз күресі бойынша әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ. Қажымұқан ауыр салмақтағы халықаралық, орыс және кеңестік жарыстарда бірнеше мәрте жеңіске жеткен. Оның қоржынында 50-ге жуық медаль мен марапат бар. Уақыт өте келе Қажымұқанның бейнесі тек спортшы ретінде ғана емес, ұлттық рух пен ерлік, отаншылдықтың символына айналды.
IPAAF – Apoxiomeno фестивалі Италияда 30 жылға жуық уақыт бойы өткізіліп келе жатқан беделді мәдени шара. Ол көркемдік сапасы жоғары, әлеуметтік маңызы бар туындыларды насихаттаумен танымал. Бұл фестиваль киноөнердің мәдени ықпалын дәріптеуге ерекше мән береді. «Қажымұқан» фильмінің мұндай халықаралық деңгейде мойындалуы – тек авторлар ұжымы үшін емес, жалпы қазақстандық кинематография үшін тарихи жетістік.
Бұған дейін бұл фестивальдің жүлдегерлері қатарында Франция, Германия, Жапония, Бразилия сынды елдердің танымал киногерлері болған. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылды. Бұл жеңіс еліміздің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, ұлттық мәдени мұраны әлемге таныту жолында маңызды қадам болып саналады.