Фермерлер қыстың қамын жасап, 25,8 млн тонна азық жинады - Министрлік
pixabay.com
Елде алдағы 2025–2026 жылдардың қыс маусымына дайындық аясында мал азығын жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда республика бойынша 25,8 миллион тонна мал азығы дайындалған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, оның ішінде 21,5 млн тонна шөп жиналып, жоспардың 88 пайыздан астамы орындалды. Сондай-ақ 1,7 млн тонна сүрлем (101,4%), 1 млн тонна құрамажем (19,1%) және 1,6 млн тонна сабан (33,1%) әзірленген.
Азық жинау қарқыны әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында (115,2%), Ақмола облысы мен Шымкентте (100%), Жетісу облысында (99,5%) және Қостанайда (97,7%) жоғары.
Мамандардың айтуынша, дайындалған көлем қыста ауыл шаруашылығы жануарларын толық азықтандыруға, төл алу жоспарын орындауға және мал басын сақтауға жеткілікті.
Жалпы республика бойынша жағдай тұрақты деп бағалануда.