KZ
Өскемен
-14°
пасмурно жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Шығыстағы медицинаның майталман мамандары

шартты сурет

4.04.2023, 20:19 542 Оразай Жеңісұлы

Кез келген мемлекеттің ең бағалы ресурсы – адам. Сондықтан да ең жауапты саланың бірі – денсаулық сақтау. Осы орайда жауапты қызметті мүлтіксіз атқарып келе жатқан мамандар туралы сөз қозғамақпыз.

Соның бірі – Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары білікті санатты дәрігер-хирург Еділ Ботабаев.

Еділ Серікжанұлы Семей қаласында дәрігер отбасында дүниеге келген. Сондықтан болар, талапкердің таңдауы әу баста медицинаға түскен. Ол еңбек жолын 2003 жылы облыстық ауруханада хирург-дәрігер лауазымынан бастады. 2007 жылы Израильдегі «Рабин» медициналық орталығында кардиохирургия бойынша оқудан өтті. 2009 жылдан бастап елордалық клиникаларда тәжірибе жинақтап, 2013 жылы Өскеменге оралып, кардиохирург қызметін атқарды. 2014 жылғы 1 наурыздан бастап өңірдегі жалғыз кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Еділ Серікжанұлының жетекшілігімен кардиохирургия бөлімшесі қарқынды дамып келеді. 2013 жылы жүрекке 84 операция жасалса, 2022 жылы 300-ден астам операция жасалды және операциядан кейінгі өлім-жітім деңгейі төмендеді.

Медицина саласындағы майталман мамандардың бірі – Нұрқұмар Қуандықов. Ол жоғары санатты уролог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» және «Құрмет» медальдарының иегері, Денсаулық сақтау үздігі, Шығыс Қазақстан облысының штаттан тыс бас урологы. Осыдан тура 40 жыл бұрын №1 қалалық ауруханаға келген жас маман 20 жылдан астам уақыт бойы облыстық мамандандырылған медициналық орталығының урология бөлімін басқарды.

Мамандыққа адалдығымен алғыс арқалағандардың тағы бірі – Жандос Уәп.

Жандос Талғатұлы 15 жыл табан аудармай хирург болып қызмет етеді. Медицинаға жаңалық енгізуде алдына жан салмаған маман қазір инновациялық медицина кафедрасын басқарып отыр.

«Біздің ісімізде бейжайлық болмайды. Дәрігер өз жұмысына шынайы қызығушылық пен сүйіспеншілікпен қарауы керек, әйтпесе оның қолынан ештеңе келмейді. Әрбір маман өз ісіне күн сайын ғашық болуы керек», дейді Жандос Талғатұлы.

Мамандыққа адалдық туралы айтқанда, Михаил Пушкаревты ескермеу мүмкін емес. Ол 2011 жылы Семей қаласының медицина академиясын педиатрия мамандығы бойынша бітірген.

2012 жылдан бастап Ана мен бала орталығының базасында балалар хирургиясы мамандығы бойынша интернатурадан өтіп, сол жерде еңбек жолын бастады.

Содан бері хирургиялық қызмет бөлімшелерінің жұмысына медициналық технологияның заманауи әдістерін тиімді енгізіп, медициналық көмектің сапасын арттырып көзге түсті.

Жоғары мамандандырылған көмек көрсетуге мүмкіндік беретін және пациенттердің толық сауығуына ықпал ететін заманауи медициналық жабдықтарды пайдалана отырып көптеген жаңа әдістер енгізді.

Осылайша, Михаил Пушкарев халық ықыласына бөленді.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу