KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
511 602.72 6.49

Абай – 180 жыл: Ұлылар мекеніне саяхат ( IV бөлім)

Кеше, 12:30 60 Серік Құсанбаев

Қазақта «Жол азабы» деген бар еді ғой. Осы сапар барысында сол «азап» бізді де айналып өтпеді. Жидебайды бетке алып, бір сайдың ішіндегі көне сүрлеумен келе жатыр едік, кенет «дүрс» етіп мәшинеміздің асты соғылды да, моторы бірден өшіп қалды. Әлгінде ғана әзілдесіп, арқа-жарқа боп келе жатқан үшеуімізде де үн жоқ. Түсе қап қарасам, шөп қалың өскен тау жолының қақ ортасында үлкендігі кішігірім шәугімдей тасты шөптің қалыңдығынан байқамай қаппын.

Абырой болғанда, қозғалтқыштың астына бекітілген қорғаныс қалқаны май құйылған картерді сақтап қалыпты. Картер тесілсе, ағалы-інілі үшеуіміз далада қалғандай екенбіз. Қарауылға апаратын тас жол болса тым алыста. Әлгі жерде біраз айналып, картерге жабыса майысып кеткен қорғаныс қалқанын аздап болса да қалпына келтіргенше біраз бөгелуге тура келді. Ендігі жерде жол жиегіндегі тұтаса өскен қараған, тобылғы бұтақтары көліктің сыртын тырнап тастаса да дөңгелектің бірін ескі сүрлеудің ортасына салып, абайлап жүрмесе болмайтын болды.

ҮШ БАҒЫТҚА ҚАРАП ТҰР ҮШ БУЫННЫҢ ӨКІЛІ...

Алдымыздағы биіктеу бір кезеңнің төбесіне шығып, бел жаздық. Айнала ұшы-қиырсыз таулы-тасты, сайлы-салалы көсіліп жатқан боз дала. Баһадүр бабаларымыздың ұстасқанмен ұстасып, тістескенмен тістесіп, айлап-жылдап түн қатып, қан түкіріп жүріп жаудан қорғап қалған қазақтың байтақ даласы. Осы даланың қойнау-қолатында, сай-саласы мен қырат-бөктерлерінде, тау шатқалдары мен өзен, көл арналарында қаншама сыр бүгіліп жатыр десеңізші...

Бір сәтке үшеуіміз үш бағытқа қарап қаппыз. Үшеуіміз де үш түрлі ойдың жетегіне еріп кеткендейміз. Үшеуіміз үш буынның өкіліміз. Осы бір Ұлылар мекеніне үш түрлі мақсатпен келіп, үш түрлі әсерге бөленіп барамыз.

Көңілі бос па болмаса көзі ауырып жүрді ме, әйтеуір сол жолы Бекен ағаның әңгіме айтып отырғанда да, көкжиекке қадалып тұрғанда да, көзі жасаурай бергені есімде қапты. Арадағы үнсіздікті де сол кісі бұзды.

- Сонау андағайлап тұрған Ақбиікке өрлесең, қамыс-құрақты, басында үкісі желбіреген ақ шилі қоныс бар. Қоныстың оң жағы жайдақтау. Апан-апан жұрттың орны. Ал Тікенектіге құлайтын өзек басында бастаудан гөрі бұлаққа келіңкірейтін, шұрқылдай аққан суы бар орын – Қарашаның Аққұдығы аталады. Қараша балалары хақында сөз қозғағанда, Тобықты руынан шыққан, «Абай жолындағы» азаматтық ірілікпен көзге түсетін бейне Абылғазы батырға тоқтамауға болмайды, – деп бір тоқтаған ақсақал жанқалтасынан орамал-шытын алып, жасаурап кеткен көзін сүртті.

Табиғат жарықтықтың жойқын бір дауыл алдында тым-тырыс боп іштей тына қалатын әдеті болмаушы ма еді. Әлденелерді көңіл таразысынан бір өткізіп алайын деді ме, Бекен аға да біразға дейін үнсіз қалды. Сосын барып: – Абылғазы шамамен 1837-38 жылдардың бірінде туып, беріде 1925-27 жылдарда қайтты. Атақонысы Шыңғыстағы Қараша қойтасында, ата-баба қорымына жерленген, – деп кезекті әңгімесін жалғады.

- Көтібақтың екінші әйелі Меңістен Боранбай, Әйтей, Құдас атты үш ұл туып, олар үш Меңіс аталған. Сол Құдастың немерелері Кенжебек пен Мұздыбай екеуі бертін, 1923 жылы Салбурынға «Құс бабын біледі, әрі көргені көп, әңгімесіз қылмайды» - деп, ерте кетуге Абылғазыға келіпті. Ол кезде Абаң сексеннің бесіне кеп қалса керек. Бұрынғыдай атқа мінуге әлі жоқтығын айтып тартыншақтаса, ағайынды Кенжебек пен Мұздыбай Дулат ұлдары таскенеше жабысып, мінуіне ат емес, атан түйе әкелгендерін, атан үстіне қаудақ құрып, құстөсек төсегендерін, жеуіне деп жоғары сапалы ұннан бір жарым пұт ұн, тек батырға арнап бармақ қазылы ұрғашы жабағы сойып әкелгендерін айтып, ақыры Абаңды Салбурынға баруға көндіріпті.

Содан боран апталап соққан бір күндерде тоқсанды алқымдап отырған Абылғазы қарттан інілері әңгіме сұраса керек. Абаң ақсақалдың бар жұмысы әңгіме мен күніне бір рет қыран құстардың бабын тексеріп қою ғана. Өзі де зеріксе керек. – Е, е балалар, қолқалап қоймадыңдар ғой, айтайын бір әңгіме. Бұл әңгіме Абай жарықтықпен байланысты және өзімнің Тобықты атам аруағының назасына ұшырағаным туралы болады, – деп Абылғазы ақсақал әңгімесін бастаған екен.

Бекен аға Абылғазы әңгімесін бастамастан бұрын, сәл түксиіп үнсіз қалды. Біз де үнсізбіз. Сосын барып, әлденені есіне түсіргендей бір жөткірініп алды да: - Бұл әңгіме-баян сәл ұзақтау жігіттер. Сондықтан, рұқсат болса, бел суытып отырып айтайын, ә, – деді төсенішке тізе бүгіп жатып. Сонау көз ұшында мұнарлана көрінген Жидебай қыстауына бір қарап отырып, Абылғазы ақсақалдың әңгімесін бастап кетті.

ШЫҢҒЫСТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ БАРЫМТА

- Әкем Қарашаға бір мың бір жүз қара ала жылқы бітті. Ұрынарға қара таба алмай жүрген кезім. Өзімді Тобықтының бас батыры санаймын. Жылқыда бір боз ат, бір бедеу көк бие бар. Осы екеуінен өзге жылқыны жылқым бар-ау деп санасам бұйырмасын. Жаз шыға көк биені ұстаймын да, боз ат бос жүреді. Күзде ақ боз атты ұстап, көк биені жылқыға қостым. Боз ат жараулы еді. Оны ақпанға дейін мініп, содан кейін тебінге жібермекпін. Ақ бозды сергісін деп анда-санда жылқыға қосатыным болушы еді. Бір күні сол әдетімше кешкі жылқыға шығарда ақ бозды жылқыға жіберіп, бір топыраштау бие ұстап міндім. Іңір қараңғысы әбден түскен шақта жылқыдан «Аттандаған!» дауыс шықты. Тау-тас, сай-сала «Аттанға» толы. Шауып келем. Арманым – ақ боз бен көк биенің біріне қолым жетсе-ау!.. Жылқыдан тағалы тай тастамай қуып барады. Байқаймын, жау аз да емес, осал да емес секілді. Қуып шыққандарымыз іріктеліп, қырық кісі қос-қосар алып, сайланып ап қуып жөнелдік. Мың жарымдай жылқыда кәрі-құртаң, жадау тай-байтал деген болмай ма. Жолшыбай қалып жатыр. Жылқы шұбырындысынан адасу жоқ. Күн-түн қуып, алтыншы сөткеде, бір биіктен көз салсам, көз ұшында екі-үш үйлі ауыл көрінді. Бір үйінің босағасында көк бие байлаулы тұр. Қаным қайнап кетсе керек, жетектегі атты ауыстырып міне сап, ат басын ағыттым ауылға. Ел тұрмаған екен. Ауыл көрінісімен «Ой, бауырымдап!» ат қойдым. Көк бие байланған үйден екі-үш жігіт жүгіре шығып еді, бір-бір қағып ұшырып жібердім.

Үйден бір шал шығып: - Оу, қарағым-ау, қырамысың?! Сені алған жау, бізді де алды! – деген соң тоқтадым. Қарт мән-жайды былай түсіндірді. Таң қараңғысында қалың жылқы бұл ауылдың аз ғана 70-80 бас жылқысының үстіне түседі де, жау бұлардың жылқысын қоса айдап, тура ауылды басып өтеді. Сонда көк бие (бұрлығып қалған) үйді айналып шықпай қойыпты. Үйдегі жігіттердің бірі үстіндегі кісіні аттан жұлып алған кезде, жау жағынан кеп қалған екеу әлгіні қолма-қол мінгестіріп әкетеді. Содан көк бие бұлардың қолында қала берген.

Жылқы алушылардың өткеніне үш күн бопты. Сонда олар бізден үш күншілік жерге озған. Ал біздің аттарымызда оларды қуып жетердей күй жоқ. Бармақты шайнай-шайнай ат басын кері бұрдық. Жанымызға ең бататыны – жылқы алған жауымыздың кім екенін, қайдан келгендер екенін білмейміз. Тек менің бір ғана жұбанышым – көк бедеуді алып қалғаным ғана. Тобықты боп жиылып, біздің үйге алты жүздей жылқы жиып берді. Бұрынғы жылқыдан қалған жүзге жуығы бар, сонымен жеті жүз жылқының басы құралды. Үш жылдың жүзі болды. Қалың жылқыдан, не оны әкеткен жаудан бір хабар ұшығы шықсашы. Ал мен болсам у жеген қасқырдай аласұрамын. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдым. Күнім ат үстінде, елсізді кезумен өтті.

АБАЙДЫ ӨКІНДІРГЕН ШАЛ ӨЛІМІ

Содан арада үш жыл өткенде Алатау ішін кезіп жүріп, таң жарықтала жан-жаққа көз салсам, алыс биіктен бір қылаң көзіме ілінді. Анықтап қарасам, боз атым. Мақтанғаным емес шырақтар, көзім түстік жердегіні көруші еді. Боз аттан жан қала ма, жөнеп бердім. Маңай әбден жарықталып, күн шығуға айналды. Боз ат тұрған биікке тақалғанда, атымның бір мінезі есіме түсіп, шошып кеттім. Атым бөгде кісіні көргенде, ұйықтап жатқан иесін тарпып оятып жіберетін еді. Енді өз атымнан өзім тығылып, ат көзіне түспеу үшін таса-тасамен атқа тақадым. Бұл уақта күн де шықты. Жауым оянып, атқа мінгенше жетіп үлгеретіндей иек артпадан шыға ұмтылдым. Боз ат иесін оятып үлгергенде, мен де жетіп, үзеңгіге аяғын сала берген дұшпанымды ұрып кеп жібердім. Бүктетіліп түсті. Қарғып түсіп, жерден көтерсем, шоқша сақалы аппақ қудай бір шал. Басы жарылған екен. Есін жиысымен «Қайдан келдің? Кімсің?» - дедім шала буындырып тұрып. «Керей руынан, теңіз бойынанмын» дегенін естідім де, ашуыма ие бола алмай бауыздап жібердім. Қанын тойғанымша жұттым да, шал денесін таспен бастырып тастап, атымды алып жөнелдім.

Боз ат астыма түскен соң, дүнием түгелденді. Әркімнен жиналған жылқы тұра ма? Біртіндеп шығын боп жатса да, оған опынар мен емес. Боз атты тақымда ойнатып жүрмін. Армандаған ақ боз ат маусым айында қолыма түсіп еді, күзекке түсіп, бауырдан қайта көшкен қараша айына таман «Абай шақырады!» деген хабар жетті.

Бардым, Абай алдына. Ақ боз атты қайдан, қалай тапқанымды сұрады. Шалды бауыздап қанын ішкенімді, тек, теңіз бойының Керейі екенін ғана білгенімді айтқаным сол екен, Абайым түтеп берсін. Ең жеңіл сөзі: - Осынша қанға құнығармысың?! Шалды неге әкелмейсің мұнда? Тобықтыдан бұдан бұрын ертеде екі дүркін жылқы әкеткен жау еді ол. Кім екені, қай жақтікі екені білінбей кеткен болатын. Қап, Төбет-ай! Қолға түскен жауды құтқарғанын қарашы. Сен Төбет жауды қолға түсірдім, кегімді алдым, өлтірдім дейсің ғой! Жоқ, сен оны құтқардың. Ол өз құнын алып кеткен кісі. Шық үйден! – деп алдынан айдап тастады. Абайдікі ақиқат қой. Мен шалдың аты-жөнін де білмеймін. Ендеше, Абайға өкпелер жөнім де жоқ.

Өз кінәм өзімде, қыс өтіп жайлауға шыққанда, ел арасында Абай Керейге аттандырмақ боп, ат пен азамат іріктеп жатыр деген хабар тарады. Күннен күн озуда. Тобықтының бас батыры маған келген шақыру жоқ. Абайға жүрегім мұздап, ішім суи бастады. Жау әкеткен жылқы менікі. Ел азаматтары арасындағы атағым дардай. Бұл мені емес, бүкіл Жігітекті жер ету. Абай да ежелгі, ағайын өштігіне бой ұрды деп, тың-тыңдаумен болдым. Қолдың аттанар күнін естігенімде, жаным күйзеліп, Абайға жүрегім қарайып-ақ кетті!.. «Ертең аттанады!» - деп естіп отырғанымда, ертеңгі сәскеге шақыртқан Абай хабары да жетті. «Уһ!» - деп, бір дем алдым. Ақ боз ат болсын, болмасын бабында-тын. Келсем, Пұшантайдағы Абай ауылының үсті хан базар. Еліміздің санаттағы ең мықты деген ер жігіттерінің басы қосылған екен...

(Жалғасы бар)


Серік Құсанбаев

                                                                                                  














Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу