KZ
Өскемен
-16°
небольшая облачность жел 2 м/с, СШ
510.18 601.91 6.51

Биыл жас мамандардың 34 пайызы ауылдық медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасты

Бүгін, 12:30 62 Ержан Әбіш

2025 жылы медициналық жоғары оқу орындарының 10,5 мың түлегі еңбек нарығына шықты, олардың 34%-ы ауылдық медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасуға жіберілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан нәтижені көрсетеді және елде ауылдық және шалғай өңірлерде кадрларды нығайтуға бағытталған нақты мемлекеттік саясаттың тиімділігін айқын дәлелдейді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауылдық жерлерде кадр тапшылығын жоюға ерекше назар аударылды. Мамандар ағынын арттырудағы басты факторлардың бірі – жас дәрігерлер мен аса тапшы бағыттар бойынша мамандарға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларының кешені. Бұл бағдарламалар тек қаржылық емес, сонымен бірге тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру, әлеуметтік қолдау сияқты көпқырлы мүмкіндіктерді қамтиды.

Қабылданған шаралардың нақты нәтижелері: дәрігер тапшылығы 20%-ға азайды, орта медициналық персонал бойынша тапшылық 7%-ға төмендеді, ауылдық жерлерде дәрігер тапшылығы 16%-ға қысқарды.

Ауылдық жерлерге жұмысқа кіріскен медицина қызметкерлеріне арнайы қолдау ұсынылды: көтерме жәрдемақылар төленді; ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үй несиелері берілді; жалақыға қосымша үстемеақылар енгізілді; әлеуметтік қолдаудың өзге де кешенді шаралары қамтамасыз етілді.

Ең тиімді құралдар ретінде тапшы мамандықтағы дәрігерлерге бағытталған әлеуметтік қолдау, тұрғын үй беру және ауылдық медицина қызметкерлері үшін жалақыға 25%-дық үстемеақы ерекше атап өтілді.

Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген 298 дәрігер (2024 жылы – 254 маман) кемінде 100 ЕТЖ немесе 8,5 млн теңге мөлшерінде төлем алды, 596 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Мамандар ағынын қолдау бағдарламаларының нәтижесінде ауылдық медицина қызметкерлерінің өмір сүру деңгейі жақсарды, кадр тапшылығы айтарлықтай қысқарды, ал жас мамандардың ауылдық жерлерде жұмысқа қызығушылығы артты. Бұл – ауылдық және шалғай өңірлерде сапалы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі.

Елімізде жас мамандарды ауылға тарту және әлеуметтік қолдауды кеңейту ісі 2026 жылы да жалғасады, ал бұл бағыттағы жаңа бағдарламалар ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға қосымша серпін береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу