ШҚО-ның жаңа әкіміне Президент бірқатар міндет жүктеді
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевты қабылдады.
Президент өңірдің жаңа басшысына бірқатар маңызды міндет жүктеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Атап айтсақ, кездесу барысында азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру, аймақ экономикасын дамыту мәселелері қозғалды. Мемлекет басшысы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік салаларындағы тұрақты өсімді қамтамасыз етуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қатонқарағай, Марқакөл аудандарын қайта құру жөнінде шешім қабылданғанына тоқталып, шекаралас аумақтағы елді мекендерді жүйелі түрде дамыту қажет екенін айтты.
Сонымен қатар облыс әкіміне коммуналдық инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, жылу электр стансаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және жылыту маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау жөнінде тапсырма берілді.