Күршімде өндірілген өнеркәсіп өнімінің сомасы – 6,9 млрд теңге
Фото: Аяужан Утеулинова
Биылғы 5 айда Күршім ауданында жалпы сомасы 6,9 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Қайрат Әзімбаев баспасөз жиынында ауданның 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оның айтуынша, 5 айда ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштерінің көлемі оң динамикаға ие болды.
Өндірілген өнеркәсіп өнімінің сомасы 6,9 млрд теңгеге жеткен. Көрсеткіш өткен жылдың осы мерзіміне қарағанда 33,3 пайыз өсті.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің сомасы – 4,6 млрд теңге, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 11,3 млрд теңгеге жеткен.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 2257, бұл көрсеткіш өткен жылғы осы деңгеймен салыстырғанда 16,6 пайыз өскен.
Дерекке сүйенсек, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 13,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы деңгейден 4,1 есе артқан. Ал құрылыс-монтаждау жұмыстарының кірісі – 4,6 млрд теңге.