Өнім құны 116,7 млрд теңгені құрады - Шемонаиха
Фото: Шығыс ақпарат
2022 жылдың қорытындысы бойынша ауданның негізгі экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика тіркелген. Бұл туралы бүгін аймақтық коммуникациялар қызметінде Шемонаиха ауданы әкімі Григорий Акуловтың қатысуымен өткен брифинг барысында айтылды.
Брифингте Шемонаиха ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйі мен 2023 жылға жоспарланған жұмыстар туралы баяндалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Өткен жылы ауданның өнеркәсіп өндірісінің облыстық көлемдегі үлес салмағы 5,3%-ға жеткен. Жергілікті өнеркәсіп орындары шығарған өнім құны 116,7 млрд теңгені құрайды.
Тау-кен өндіру саласы өнеркәсіптің негізгі үлесін алып отыр. Былтыр осы сала бойынша Артемьев өндірістік кешені 77,5 млрд теңге сомасында өнім өндірген.
Өңдеуші өнеркәсіп орындарының нәтижесі 36,6 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген жалпы өнім көлемі 60,3 млрд теңгені құрады. Өсімдік майы, ет және сүт өнімдері, ұн, нан, кондитерлік өнімдер, тоқыма бұйымдары, жиһаз және мал азығы өндірісінің көлемі ұлғайды. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі де артқан.
– Ауданда инвестициялық белсенділік айтарлықтай жоғары. Өткен кезеңде экономикаға 38,2 млрд теңге инвестиция салынды, оның ішінде Артемьев өндірістік кешеніне 24,9 млн теңге инвестиция тартылды. Нақты көлем индексі 109,3%-ды құрайды, – дейді аудан әкімі Григорий Акулов.