KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Антикорда діни бірлестіктердің өкілдері үшін Ашық есік күні өтті – ШҚО

Фото: gov.kz

24.08.2023, 12:28 214

ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде діни бірлестіктердің өкілдері үшін «Ашық есік күні» акциясы ұйымдастырылды.

Шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің міндетін жеткізу және департаменттің қызметін түсіндіруге бағытталған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға дін өкілдерін тарту және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын таныстыру көзделген.

Жиын барысында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев діни бірлестіктердің өкілдеріне департаменттің құрылымын және қызметінің негізгі бағыттарын түсіндіріп, сыбайлас жемқорлықты жою бойынша аймақта іске асырылып жатқан жобалар туралы айтты.

– Дін өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеудің негізгі мақсаты – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда діни бірлестіктердің әлеуетін кеңінен пайдалану, діни іс-шараларды өткізу кезінде адалдық, әділдік, парасаттылық сияқты жалпыадамзаттық қасиеттерді насихаттау. «Халифа Алтай» облыстық мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай – облыстық ақпараттық-насихат штабының белсенді мүшелерінің бірі. Яғни бірлескен жұмыс бірнеше жыл қатарынан жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасады деп үміттенеміз, – деп атап өтті Архат Бейсембаев.

Қатысушыларға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы таныстырылды. Жоба осы салаға бейжай қарамайтын азаматтарды, қоғамдық бірлестіктер, бизнес субъектілері, квазимемлекеттік секторлар және өзге де ұйымдардың өкілдерін ерікті ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тарту мақсатында ойластырылған.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – қоғамымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Біз сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерінің алдын алу бойынша бірге жұмыс істеуіміз керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен діни құндылықтар – біздің ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігі, – деп атап өтті облыстың бас имамы Ермек Мұқатай.

Діни бірлестіктердің өкілдері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын қолдап, еріктілер қатарына қосылуға ниет білдірді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу