ШҚО-дағы діни бірлестік өкілдері антикор қызметімен танысты

15 тамыз күні ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде діни бірлестіктердің өкілдері үшін «Ашық есік күні» акциясы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің миссиясын жеткізу, ведомствоның қызметімен таныстыру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға дін өкілдерін тарту және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын таныстыру, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Іс-шара барысында ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев діни бірлестіктердің өкілдерін Антикор қызметінің негізгі бағыттарымен, «Антикор орталығының» құрылымымен таныстырды, сондай-ақ өңірде сыбайлас жемқорлықты жою бойынша іске асырылып жатқан жобалар туралы айтты.
Сондай-ақ акция қатысушыларына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы таныстырылды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы бейжай қарамайтын азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді, бизнес субъектілерін және квазимемлекеттік секторларды, сондай-ақ өзге де ұйымдарды еріктілер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тарту мақсатында іске асырылады.
Өз кезегінде діни бірлестіктердің өкілдері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын қолдап, еріктілер қатарына қосылуға ниет білдірді. Әрі қарай, еріктілер ретінде олар қоғамдағы адалдық, әділдік, парасаттылық сияқты жалпыадамзаттық қасиеттерді насихаттауға үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.