Сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы жоба басталады – ШҚО
Фото: gov.kz
ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдерімен, заң консультанттары палатасының және нотариаттық палатаның төрағаларымен кездесу өтті. Кездесуге департамент басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев төрағалық етті.
Аталған кездесу барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы белсенді азаматтарды, қоғамдық бірлестіктердің, жеке және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, басқа да ұйымдардың өкілдерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға волонтер ретінде тарту мақсатында іске асырылады.
Жоба аясында бірнеше бағыт қарастырылған. Олардың ішінде қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер және білім беру, кәсіби көмек көрсету, корпоративтік еріктілік сынды бағыттар бар.
Жоба биыл тамыз айында басталып, 2024 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асырылады.